«Ата-анамды емес, еліме риза етем де» — Тоқтар Серіков ұлына жүрекжарды тілек арнады
Танымал әнші Тоқтар Серіков мектепті аяқтаған тұңғышы Бек-Олжасқа арнап әлеуметтік желіде тебіреніске толы жазба жариялады. Әке мен бала арасындағы мейірім мен сенімге толы бұл жолғы жазба көпшіліктің көңілін толқытты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ал, құлыным, құтты болсын! Кеше ғана мектепке барғаның көз алдымда. Бүгін міне, жігіт болып жаңа өмірге қадам басып тұрсың. Мектепті ұмытпа, балам. Мен де мектепке мәңгі қарыздармын. Ол – адамдық пен білімнің қайнар көзі. Бірінші Аллаға, екінші саған білім берген ұстаздарыңа ризамын», – деді әнші.
Сондай-ақ, ол ұлына «Ата-анамды риза етемін» деме, «Еліме риза етемін» де, сонда ата-анаң да ризашылығын алатыныңды ұмытпа» деген кеңесін де қоса жеткізді. Сонымен қатар жоғары оқу орнына түсіп, білімін жалғастыратынына сенім білдіріп, ақ жол тіледі.
«Білімді болсаң, биіктер өзі шақырады. Мен саған сенемін, құлыным», – деп түйіндеді Тоқтар Серіков.