1,3 миллион адамға таза су: Ел аумағында 2500 шақырым құбыр тартылып жатыр
ortcom.kz

1,3 миллион адамға таза су: Ел аумағында 2500 шақырым құбыр тартылып жатыр

Қазақстанда ауыз су тапшылығын жою үшін ауқымды жұмыс қолға алынған. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде 30 топтық су құбырының құрылысы мен қайта жаңарту жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарын қамтитын бұл жобалардың жалпы ұзындығы – 2500 шақырым. Барлық құрылыс аяқталғанда 1,3 миллионнан астам адам тұратын 468 елді мекенде ауыз су мәселесі шешімін табады.

«Президент тапсырмасына сәйкес, өткен жылы еліміздің алты өңірінде 8 су құбыры жобасы аяқталды. Соның нәтижесінде 208 мың адам тұратын 49 ауылдың су мәселесі жақсарды», – деді вице-министр Ерболат Ибрайханов.

Қазір құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, бірнеше жоба пайдалануға берілген. Су тапшылығы мәселесі әсіресе ауылды жерлерде өзекті болып отыр. Министрлік мәліметінше, алдағы жылдары бұл жобалар толығымен жүзеге асып, ауыл тұрғындарының өмір сапасы айтарлықтай жақсарады.