"Билікке жаққан әнші": Журналист Димаш Құдайбергенге қатысты ойын ашық айтты
Танымал журналист Гүлнәр Бажкенова әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен бағыт-бағдарына қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында сын айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол Димашты дарынды әрі кішіпейіл деп мойындай отырып, оның болашағына қатысты нақты стратегиясы жоғын, тыңдарман үмітінің ақталмай жатқанын алға тартты.
"Димаш 31 жаста. Бұл жастан асқанда болашақты нақты жоспарлайтын кез келеді. Концерттері аншлаг, ел жақсы көреді. Бірақ нақты бағыт, шынайы репертуар көрінбейді. Көбіне кавер айтумен шектеліп келеді. Өзінің жеке альбомы жоқ. Игорь Крутоймен әріптестігі де ұзаққа созылмады. Не сингл, не альбом шыққан жоқ. Бұл ұзаққа созылған үміттің оқиғасы сияқты. Күттік, күтіп жүрміз. Бірақ ештеңе болмай жатқан секілді. Енді болмауы да мүмкін", – дейді журналист.
Сонымен қатар, Бажкенова Димаштың мемлекет тарапынан ерекше ілтипатқа бөленіп жүргенін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл – мәдениет қайраткерлерін құрметтеудің көрінісі ғана емес, билікке ұнаған тұлғаны көтермелеу әрекеті болуы мүмкін.
Желіде бұл пікірлер қызу талқыланып жатыр. Бірі Димашты қорғап, оның әлі де әлемдік сахнада жарқ етері анық десе, енді бірі журналист сөзімен келісіп, тыңдарманның үміті ақталуы тиіс екенін алға тартады.