Шекараға жетпеген шетел маркалары: 13 автокөлік иелеріне табысталмай сатылған

27 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: t.me/POLICE_of_KZ

"Көлік жеткізіп береміз" деп сендірген екі азамат жалпы құны 314 млн теңгеден асатын шетелдік 13 автокөлікті иелеріне жеткізбей сатып жіберген,- деп хабарлайды anyqtime.kz тілшісі.

Жетісу облысында екі ер адам Атамекен ауылында алаяқтықпен айналысты деген күдікке ілінді. 33 және 34 жастағы күдіктілер шетелдік көлік иелерін алдап, жалпы сомасы 314 миллион теңгеден асатын шығын келтірген. Бұл туралы Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алаяқтардың алғашқы құрбаны – Қытай азаматы. Олар оған алты автокөлікті Грузияға дейін жеткізіп береміз деп уәде еткен. Көліктер арасында үш Jetour, екі Mercedes C260 және бір Mercedes GLE 260 болған. Алайда бұл көліктер шекарадан шықпай, Шымкент пен Жамбыл облыстарына таныстары арқылы сатылып кеткен.

Кейін күдіктілер логистикамен айналысатын қазақстандық кәсіпкерді де алдап соққан. Олар жеті автокөлікті Беларусь еліне жеткіземіз деп сендірген. Оның ішінде Range Rover, Mini Cooper SE, үш Li 7 және екі Li 9 болған. Бес қытайлық көлікті олар Жамбыл облысында бір танысына өткізген, ал Range Rover мен Mini Cooper SE көліктері Алматыда арзан бағамен сатылған.

Аталған факті бойынша екі күдікті де ұсталып, іс сотқа жолданды. Оларға аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша айып тағылып отыр. Заңға сәйкес, олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, мүлкі тәркіленуі ықтимал.

Тэгтер:

Range Rover Mini Cooper SE Li 7 Li 9 Mercedes GLE 260 Mercedes C260 Авто Автокөлік