Алматыда өзін мемлекет қызметкерімін деп таныстырған алаяқ әйел ұсталды
Фото: Polisia.kz

Алматыда өзін мемлекет қызметкерімін деп таныстырған алаяқ әйел ұсталды

Алматыда интернет-алаяқтыққа байланысты SIM-карталар арқылы жасырын әрекет еткен алаяқтық схемасы әшкереленді. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме беріп хабарлайды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қала полициясы жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде мессенджерлерде аккаунттар тіркеп, оларды үшінші тұлғаларға сату үшін жаппай SIM-карталар мен мобильді құрылғылар сатып алған әйел ұсталған. Тексеру кезінде оның бұл әрекеті алаяқтарға анонимді жұмыс істеуге мүмкіндік бергені белгілі болды.

Ұсталған азаматша «жеңіл табыс» туралы хабарламаға алданып, өз атына жүздеген нөмір рәсімдегенін мойындады. Тергеу барысында дәл осы нөмірлер арқылы азаматтарды алдап, өзін банк немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған қоңыраулар жасалғаны анықталды.

Алматы қалалық полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасының басшысы Анес Қалдубаевтың айтуынша, интернетте кездесетін «үйден жұмыс» туралы хабарламаларға сақтықпен қарау керек.

«SIM-карталар, пошта, банк немесе мессенджер аккаунттарымен байланысты кез келген ұсыныс — жоғары қауіп төндіретін белгі. Адам мұндай схемаларға еріксіз қатысып, қылмыстық әрекетке тартылады», — дейді ол.

Полиция мұндай заңсыз схемаларды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды интернеттегі күмәнді әрекеттерге тап болса, дереу хабар беруге шақырады.