«Қолын алмай, шапалақпен тартып жіберді»: Франция президенті мен әйелінің қылығы елді ойға қалдырды
Франция президенті Эммануэль Макрон мен жұбайы Брижит Макронның Вьетнамға сапары кезінде орын алған ерекше жағдай жұрт назарын аударды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода президент ұшағының есігі ашылған сәтте Макронды әйел қолымен шапалақпен ұрғандай көрінеді. Макрон бұл әрекетке еш мән бермегендей болып, сыртта тұрған жұртқа қол бұлғап амандасқан. Артынша Брижит Макрон да көрініп, баспалдақпен түсіп келе жатқанда күйеуінің ұсынған қолын алмады.
Видео жұрт арасында қызу талқыға түсіп, әсіресе, БАҚ өкілдерінің назарына ілікті. Оқиғаның мән-жайын анықтағысы келген журналистер Елисей сарайына жүгінген. Алайда президент әкімшілігі видеоны жасанды интеллект көмегімен өңделген болуы мүмкін деп, оның шынайылығына күмән келтірген. Сонымен қатар олар бұл бейнежазбаны ресейшіл аккаунттар таратқанын алға тартты.
Дегенмен кейінірек Макронның жақын айналасынан ақпарат алған француз басылымдары, бұл жұп арасындағы жай ғана "көңілді сәт" болғанын жазды.
“Бұл – президент пен жұбайының сапар алдындағы ішкі әзілге толы бір сәті. Жанжал емес”, – деген түсініктеме берілген.
Бейнежазба шын мәнінде монтаждалған ба, әлде шынайы ма – бұл әзірге ресми түрде расталған жоқ. Алайда, бұл оқиға Франция президентінің шетелдік сапарына жоспардан тыс назар аударуға себеп болды.