Карло Анчелотти сағыз шайнауға қанша теңге құртты?
Фото: Коллаж Anyqtime.kz

Карло Анчелотти сағыз шайнауға қанша теңге құртты?

Футбол әлемінде эмоциясын іште сақтап, сырт көзге суыққанды көрінетін бапкерлер көп емес. Карло Анчелотти – салмақты бапкерлердің алдыңғы сапында. Ол алаң шетінде тұрғанда айқайламайды, қол сермемейді. Оның орнына жай ғана сағыз шайнайды. Тыныштық сақтай отырып, бүкіл ойынды бақылап отырады. Сабырлы. Салмақты. Сағыз шайнайтын стратег.

Көп жанкүйер үшін бұл көрініс – жай ғана қызық деталь. Бірақ шын мәнінде, Анчелоттидің сағыз шайнауы – оның ішкі тәртіп, жүйке тұрақтылығы мен кәсіби стильінің ажырамас бөлігіне айналған.

Сонда бұл әдет оған қайдан жұқты? Не себепті темекіден бас тартып, сағызға өтті? Және осы күнге дейін қанша дана, қанша ақшаға сағыз шайнаған болуы мүмкін? Бұл сұрақтардың жауабын Аnyqtime.kz анықтап көрді.

Темекіден сағызға дейінгі жол

Италиялық бапкер Карло Анчелотти жас кезінде кәдімгі темекіқұмар жігіттердің бірі болған. Ол бұл әдетін ойыншы кезінде де, бапкерлік жолының алғашқы жылдарында да тастаған жоқ. «Милан», «Ювентус», «Парма» клубтарында жүрген кезінде оның қалтасында темекі болмаған күн кемде-кем.

Бірақ уақыт өте келе денсаулық мәселелері мен кәсіби жауапкершілік әсер етті. 2000-жылдардың басында ол біржола темекіден бас тартты. Себебі – отбасының, әсіресе қызы Катяның өтініші мен дәрігер кеңесі.

Темекіден бас тарту оңай болмаған. Бірақ соның орнын сағыз басты. Ал бұл жай әдет емес, кейін оның «бизнес-картасына» айналды.

«Темекіні тастау үшін басталған нәрсе, менің тыныш ойлау тәсіліме айналды», – деген еді Анчелотти бір сұхбатында.

Сағыз – сабырдың символы

Анчелоттидің матч кезіндегі ең танымал қимылы – сағыз шайнап тұруы. Шыдамы таусылып, айқайлап, эмоцияға беріліп жататын көп бапкердің қасында ол – тұнжыр мұзарт.
Тіпті «Реал Мадрид» пен «Манчестер Сити» арасындағы жартылай финалдық матчта 90 минут бойы бір қалыпта шайнаған сағызы матчтан кейін мемге айналған.

Сағыз шайнау арқылы ол өзін сабырлы күйде ұстап қана қоймай, айналасындағы ойыншылар мен қызметкерлерге де сенімділік пен тұрақтылық сыйлайды.

Қанша қаржы жұмсады?

Жоғарыда айтқанымыздай, Анчелотти бір маусымда 90-ға жуық матч өткізеді. Әр матчта кемінде 2 дана сағыз шайнаса – жылына 180 дана. 25 жылдық бапкерлік жолында – 4 500 дана.

Орташа алғанда бір қорап сағыз (10 дана) – 1,5 еуро (шамамен 750 теңге)

4 500 дана ≈ 450 қорап × 1,5 еуро = 675 еуро ≈ 350 000 теңге

Футболдағы миллиондаған келісімшарттардың жанында бұл тиын-тебен сияқты. Бірақ дәл осы қарапайым сағыз Анчелоттидің тұлғасына айналған.

«Нағыз қасиетті жәдігер»

Анчелоттидің сағызы бір ғана жүйке тыныштандыру құралы емес, ол жанкүйермен байланыс құралына да айналған. 2022 жылы «Реал Мадрид» чемпиондық атақты жеңіп алғаннан кейін стадиондағы жанкүйерлердің бірі бапкерге:

«Карло, маған сағыныңды берші!» – деп айқайлаған.

Анчелотти бір сәтке ойланып, шайнап тұрған сағызының жартысын (!) жұлып алып, күлкімен жанкүйерге лақтырған. Бұл сәт видеоға түсіп, әлеуметтік желіде вирустық контентке айналды.

Кейін жанкүйер:

«Мен өмір бойы сақтаймын. Бұл – нағыз қасиетті жәдігер», – деп әзілмен бөлісті.

Анчелоттидің жанкүйерлерге сағызымен бөліскен видеосы төмендегі телеграм парақшада

Сағыз шайнап, тактика құрған бапкер

Ғалымдар сағыз шайнаудың ми жұмысын жақсартып, күйзелісті төмендететінін растайды. Анчелотти бұл әдісті 20 жылдан аса қолданып келеді. Бұл оның футболдағы сабырлы, жүйелі, ойлы болмысының бір кілті болуы да мүмкін.

Футбол әлемінде айқаймен, шоумен көрінуге тырысатын бапкерлер көп. Ал Анчелотти – үнсіздікпен жеңетін, сағыз шайнаумен стратегия құратын сирек тұлға.

4 500 дана сағыз – бұл бір адамның ішкі тәртібінің, темірдей төзімі мен өзіне деген бақылауының бағасы. Бәлкім, бұл шынымен де тарихтағы ең тиімді «инвестициялардың» бірі шығар.