Жылдамдықты асырғаны үшін: Қазақстанда жаңа айыппұл түрі енгізілуде. Қазақстан Ішкі істер министрлігі елдегі жолдарда орташа жылдамдықты арттырғаны үшін жаңа айыппұл түрін енгізетін заңнамалық өзгерістерді бастамалап отыр.
Бұл туралы Digital Business.kz ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевқа сілтеме жасап хабарлады.
Орташа жылдамдықты 60 км/сағ-тан артық асырса — 157 мың теңге айыппұл
Өзгерістерге сәйкес, орташа жылдамдықты сағатына 60 км-ден артық асырған жағдайда 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылады. 2025 жылғы есептік көрсеткіш бойынша бұл 157 мың теңгеден асады. ІІМ мәліметінше, бұл — ең төменгі айыппұл көлемі, алдағы уақытта айлық есептік көрсеткіш өзгерген сайын сома да ұлғаюы мүмкін.
Сұлтанбаевтың айтуынша, қала маңындағы жолдарда орнатылған орташа жылдамдықты бақылау жүйесі арқылы аз уақыттың ішінде 15 мыңға жуық ереже бұзу фактісі тіркелген.
Қарсы бағытқа шығу — жазалау күшейтілмек
Жаңа айыппұлдармен қатар, ІІМ қарсы қозғалыс жолағына шығуға байланысты жауапкершілікті де күшейтуде. Бұған дейін мұндай әрекет үшін 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру немесе 20 АЕК (шамамен 78 мың теңге) мөлшерінде айыппұл көзделген болса, енді:
Қарсы жолаққа шығу салдарсыз аяқталса — 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы сақталады;
Егер бұл әрекет жол-көлік оқиғасына себеп болса — жүргізуші 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылады.
Сұлтанбаевтың айтуынша, бұл өзгерістер жол ережесін бұзудың салдарына сәйкес жазалау шараларын күшейтуге бағытталған.