10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтетін америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концертіне байланысты "Қайрат" футбол клубының ішкі чемпионаттағы ойыны кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Penalty.kz сайтына сілтеме беріп.
"Қайрат" – "Жеңіс" матчы 21 қыркүйекке шегерілді. Бұл туралы клубтың Instagram парақшасында ресми мәлімдеме жарияланды.
«Шешім футбол мен мәдени іс-шара көрермендері үшін ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қабылданды», – делінген хабарламада.
Дегенмен, еурокубок аясындағы 7 және 12 тамызға белгіленген матчтар өзгеріссіз қалмақ. Олар жоспарланған күндері өтеді.
Бұған дейін "Қайрат" клубы концерттің клубпен келісілмей ұйымдастырылғанын айтып, наразылық білдірген болатын. Соған қарамастан, концерт өткізу туралы шешім өз күшінде қалды.