Қазақ боксшысы Олимпиада жүлдегерін жарыс жолынан ығыстырды
Фото: Коллаж Anyqtime.kz

Қазақ боксшысы Олимпиада жүлдегерін жарыс жолынан ығыстырды

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов Таиландта өтіп жатқан Thailand Open-2025 халықаралық турнирінде жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

65 келі салмақта сынға түскен Бекбауов ширек финалда Қырғызстан тарихына енген мықты қарсыласын – Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Мунарбек Сейитбек уулуын төрешілер шешімімен жеңді. Бұл жеңіс арқылы ол кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті.

Айта кетейік, бұл — Бекбауовтың турнирдегі алғашқы айқасы. 1/8 финалда оның қарсыласы, иорданиялық Обада Аласбех жекпе-жектен бас тартқан.

Дулат Бекбауов — 2023 жылғы әлем чемпионатының және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Ал Мунарбек Сейитбек уулу — Қырғызстан тарихында Олимпиада мен әлем біріншілігінде жүлде алған тұңғыш боксшы ретінде танымал.