«Мұндай арсыз қылыққа бармаймын» – Руслан Берденовке оқ атты деген күдіктінің әйелі мәлімдеме жасады
© Photo : Пресс-служба дистрибьюторской компании AKNIET GROUP

«Мұндай арсыз қылыққа бармаймын» – Руслан Берденовке оқ атты деген күдіктінің әйелі мәлімдеме жасады

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты күдіктінің әйелі алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Желіде тараған нұсқалардың бірінде шабуылдың себебі ретінде "шенеуніктің күдіктінің әйеліне тиіскені үшін күйеуі кек алды" деген болжам айтылған еді. Алайда күдіктінің жұбайы Луиза Алданова бұл қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарды.

«Мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтын тәрбием мен иманым бар. Бастапқыда тараған қауесеттер негізсіз», – деді ол Instagram-дағы мәлімдемесінде.

Луиза Алданова отбасы үшін соңғы бір ай аса ауыр кезең болғанын, күн сайын уайыммен өткенін жеткізді. Сонымен қатар, ол жарақат алған Руслан Берденовтің амандығын тілеп, жақында ғана оның ауруханадан шыққанына қуанышты екенін жазды.

«Ернарымыз қателесті, жаза басты… Бірақ біз бұл жағдайды тағдырдың сыны деп қабылдадық. Бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын», – деп жазды Алданова.

Айта кетейік, Руслан Берденовке жасалған шабуыл қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Бұл қастандық бойынша ресми тергеу жалғасуда.


Еске сала кетейік, Руслан Берденов пен Марғұлан Сейсембаевтің емханадағы суреті жарияланғанын жазған едік.