«139 балым 24 балл болып шықты» — Қызылордадағы ҰБТ дау тудырды
Фото: Видеодан алынған кадр / sn.kz

«139 балым 24 балл болып шықты» — Қызылордадағы ҰБТ дау тудырды

Қызылордада ҰБТ-ның алғашқы күні үлкен дауға ұласты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz және Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

160-қа жуық түлек сынақ тапсырып жатқан кезде тест орталығында бірнеше мәрте жарық сөніп, оқушылар алаңдаушылық пен стресс жағдайында отырған. Ата-аналар жарықтың өшуін жөнсіздік немесе әдейі ұйымдастырылған кедергі деп күмәндануда.

Мектеп бітіруші Данара Омарова өз нәтижесіне сенбегенін жасырмады:

«Басында 139 балл есептеп отырдым. Соған нақты сенімді едім. Бірақ тест аяқталған соң 24 балл деп шықты. Жарықтың өшуі қатты әсер етті», – дейді ол.

Оқушылар мен ата-аналардың айтуынша, жарық үш рет сөніп, үзілістер 25-30 минутқа дейін созылған. Ал Ұлттық тестілеу орталығы бұл деректі жоққа шығарып, тек екі рет, жалпы 14 минутқа ғана тоқтағанын айтып отыр.

«Жұмыс жүріп жатты, қосымша уақыт берілді, компьютерлердің қайта қосылуы баллға әсер етпейді», – деді орталық өкілі Ақбота Байқоңырова.

Дегенмен кейбір ата-аналар мен түлектер ресми мәліметке сенбейді. Олар тест нәтижесі әділетсіз шықты деп санап, қайта тапсыру мүмкіндігін талап етуде.