Астанада қазақ-француз мектебінің іргетасы қаланды

28 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
ortcom.kz

Астанада халықаралық стандартқа сай қазақ-француз мектебінің құрылысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа білім ордасы — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон арасындағы келісімдердің нақты нәтижесі. Бұл мектеп интернат үлгісінде жұмыс істеп, қазақстандық және француз білім беру стандарттарын ұштастыратын болады.

Салтанатты шараға Францияның сыртқы сауда және шетелдегі азаматтар жөніндегі министрі Лоран Сен-Мартен мен Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Болашақ лицей жобасы таныстырылып, кіреберіс аумағына естелік тасбелгі орнатылды.

«Астанадағы қазақ-француз мектебі, сондай-ақ Алматыда ашылатын мектеп – жас қазақстандықтарға төрт тілде (қазақ, француз, ағылшын, орыс) білім алуға мүмкіндік береді. Түлектер француз аттестатымен **Еуропаның үздік университеттеріне тікелей түсе алады», – деді Лоран Сен-Мартен.

Министр Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бұл мектепке республика бойынша оқушылар қабылданады. Ол бұл жобаны еларалық білім саласындағы тарихи сәт деп атады.

«Бүгін алғашқы кірпіш қаланды. Бұл – мектеп құрылысы ғана емес, Қазақстан мен Франция ынтымақтастығының нақты символы», – деді ол.

Жаңа мектеп 2026 жылдың 1 қыркүйегінде ашылады. Жоба Орталық Азияда халықаралық деңгейде білім беретін таңдаулы мекемелердің біріне айналады деп күтілуде.

Тэгтер:

Астана Қасым-Жомарт Тоқаев Эммануэль Макрон қазақ-француз мектебі