"Не үшін балаға көлік береміз?": Алматы облысында үш оқушы жол апатынан қаза тапты
Фото: tengrinews.kz

"Не үшін балаға көлік береміз?": Алматы облысында үш оқушы жол апатынан қаза тапты

Алматы облысының Іле ауданында болған жол апаты үш бірдей мектеп оқушысының өмірін қиды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға 27 мамыр күні таңғы сағат 04:20 шамасында Төңкеріс – Байсерке – Қараой бағытындағы тасжолда болған. Mitsubishi Galant маркалы көлікті кәмелетке толмаған жасөспірім тізгіндеп, ағашқа соғылған.

«Жол апаты орнында жүргізуші мен жолаушылардың бірі көз жұмды. Тағы екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, олардың бірі кейіннен қайтыс болды», – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім ата-анасының көлігін рұқсатсыз мініп, үш досымен серуендеуге шыққан.

Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары заңды өкілдерге қатысты да шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

«Қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады», – делінген ресми хабарламада.