«Терезеге өзі жүгірді»: Ақнәр ісінде күтпеген видео көрсетілді
Ақнәр Гүлістанның өліміне қатысты іс бойынша бүгін жаңа мәліметтер жарияланды. Бұған дейін марқұмның жақындары қыздың өз-өзіне қол салмағанын айтып, екі куәгер қыздың әрекетін қайта қарауды талап еткен болатын, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Orda.kz мәліметіне сүйеніп.
Бүгін Дидар Мұқияттың қорғаушысы Жандос Палманов арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, тергеу ісіне қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, марқұм Ақнәр сол түні пәтерді өзі жалдап, екі қызбен бірге ішімдік ішуді ұсынған. Қорғаушы тарап ұсынған бейнежазбада Ақнәрдің терезеге жүгіріп бара жатқаны байқалады. Видеодағы диалог қытай тілінде, ал қызды Дидар Мұқияттың ағасы сабырға шақырып жатқан көрініс бар.
Палмановтың сөзінше, желіде тараған видеожазбалар «жәбірленуші тарапқа тиімді» тұстарынан ғана қиылған. Қорғаушы бұл істе қысым көрсету болмағанын, керісінше Ақнәрдің өзге қыздармен арада сөзге келіп қалғанын айтады.
«Қыз жігіті туралы уайымдап, қарыз жайлы айтып, шашын жұлған, қабырғаға басын ұрған. Екі қыз оны сабырға шақырған. Кейін төбелес болғанда, Дидар қорқып, әжетханаға кіріп кеткен. Оқиғаның толық бейнесін алдағы уақытта сараптама нақтылайды», – дейді қорғаушы.
Алайда марқұмның анасы Гүлістан Хамитова бұл мәліметтермен келіспейді. Бұған дейін ол қызының ағзасында алкоголь табылмағанын, денесінен көптеген жарақат, сынған сүйектер, жұлынып түскен шаш пен тырнақ іздері табылғанын мәлімдеген. Бұл деректерді жәбірленуші тараптың адвокаты Инга Иманбай да растаған.
Сондай-ақ, қоғамда кең тараған тағы бір мәлімет — екі қыздың келесі күні таңертең банктен 7–8 млн теңге шешіп алғаны туралы сұраққа Палманов "жалған ақпарат" деп жауап берді.
Палманов баспасөз мәслихатына Дидар Мұқияттың не себепті келмегенін де түсіндірді: «Әлеуметтік желідегі қысымнан соң, ол қоғам алдына шығуға психологиялық тұрғыда дайын емес», – деді ол.
Осыған дейін Ақнәрдің анасы тергеу жұмыстары 9 айдан бері жылжымай тұрғанын, ал өздері тапқан дәлелдердің істен шеттетіліп жатқанын айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған болатын.
🔗 Марқұм Ақнәр Гүлстанның өлімі, сот ісі жайлы барлық ақпараттар жиыны