Соттағы қайшылықтар: Әскентай тергеуде неге басқа мәлімет берген?
Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Полат ісі бойынша сот процесінде Дархан Әскентайдың қорғаушысы Мәулен Ержанов Qaz365.kz тілшісіне сұхбат беріп, бірнеше маңызды мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.
Адвокаттың айтуынша, бүгінгі сот отырысында ол мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсембайды істен шеттетуді сұраған. Ержановтың пайымынша, прокурор бейтараптылықтан ауытқып, эмоционалды әрекеттерге бой алдырған және айыпталушыларға қысым көрсеткен. Сонымен қатар, қорғаушылар тарапынан да бұл өтінішті қолдайтын нақты негіздер келтірілген.
Дархан Әскентайдың соттағы жауабы тергеу кезінде берген түсініктемесіне сәйкес келмейтініне қатысты да сауалдар қойылды. Бұл мәселеге қатысты Ержанов былай деді:
«Оқиға болған түні Қаржаубай Нұрымов Әскентайдан кешірім сұрамаған, жедел жәрдемге (103) хабарласпаған, емге ақша беремін деп уәде етпеген. Бұл мәліметтер – тек сотта айтылған уәждер. Ал шын мәнінде, Әскентай жанжалды бастаған емес, керісінше, сыра үшін өз ақшасын төлеген», – деді адвокат.
Ержановтың айтуынша, Әскентай іс бойынша бастапқыда жәбірленуші не куәгер ретінде танылуы керек болған. Оның не себепті айыпталушы ретінде танылғанын қорғаушы түсінбейді.
«Дархан ешкімге күш қолданбаған. Ол төбелеске қатыспағанын сотта да ашық айтты. Ешқандай қылмыстық құқықбұзушылық жасамаған. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша тағылған айыппен келіспейміз», – деді ол.
Сотта Дархан Әскентай Шерзат тарапынан кастетпен ұрылғанын мәлімдеді. Бірақ бұл жайт тергеу кезінде айтылмаған. Адвокаттың сөзіне қарағанда, Әскентай тергеу кезеңінде 28 күн ем-домсыз отырған және осы уақыт ішінде оның сөздері қысыммен алынған болуы мүмкін.
«Кастет соққысынан Әскентайдың бас сүйегі, нақтырақ айтқанда, көз асты бөлімі сынған. Соған қарамастан тергеушілер оның жағдайына мән бермей, бірнеше рет жауап алған. Бұл жағдайда адамның жауабы әділ болмауы мүмкін», – деді Ержанов.
Сондай-ақ қорғаушы Әскентайға психологиялық қысым жасалғанын, тіпті оған Шерзаттың отбасы мүшелерінің үйі өртенгенін көрсетіп, үркіткенін де мәлімдеді.
Мәулен Ержановтың пікірінше, Дархан Әскентай толық ақталуы тиіс.
«Ол төбелесті бастаған жоқ, қолында қару болмаған. Қайта жәбірленуші тараптың заңды өкілі пышақпен шыққаннан кейін ғана жанжал ушығып кеткен. Ал қару қолдану оқиғасы бойынша, оны Нұрқанат алып келіп, екі рет, соның ішінде бір рет аспанға оқ атқанын Әскентай сотта нақты айтты», – деді адвокат.