Құнанбайды мойнына мінгізіп, Қағбаны жеті айналған Ізғұтты жайлы не білеміз?
Фото: Коллаж Anyqtime.kz

Құнанбайды мойнына мінгізіп, Қағбаны жеті айналған Ізғұтты жайлы не білеміз?

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі кейіпкерлердің бірі — Ізғұтты. Ол 1830 жылы Ақсуат өңіріндегі Қарғыба өзенінің бойындағы Қара оба деп аталатын жерде дүниеге келген.

Аға сұлтан Құнанбайдың сенімді серіктерінің бірі болған Ізғұттының орны ерекше. Абайдың әкесі Құнанбайдың асырап алған інісі Ізғұттының шын аты — Бақтыбай, Найман ішіндегі Қаракерейдің Мұрын руының Тоқабай тармағынан.

Құнанбайдың туған қарындасы Тайбала осы Тоқабай ішіндегі Нұран байдың баласы Мұхамеджанға ұзатылады. Арада біраз жыл өткен соң, апасын іздеп барған Құнанбайға Тайбаладан туған он жасар жиені Бақтыбай аманат ретінде беріледі.

Бақтыбай нағашы жұрты Шыңғыстауға барған жылы жазда Абай дүниеге келеді. Өскенбай ауылы: «Соңынан Абай ерді, Құнекең аға сұлтан болды. Бұл бала оң аяғымен келді, ізі құтты болды» — деп, бұрынғы Бақтыбай атын өзгертіп, Ізғұтты деп атап кеткен екен.

Ізғұтты Құнанбайдың жанында жүріп, жастайынан ел билігіне араласқан. Ер тұлғалы, ақылды азамат ретінде ел арасында зор беделге ие болған. Құнанбай Ізғұттыға жер, енші беріп, үйлендіріп ел қатарына қосқан.

1875 жылы Құнанбай Меккеге қажылық сапарға аттанып, қасына Ізғұттыны ертіп барады. Қасиетті Мекке шаһарында Құнанбай қажы бірнеше ай бойы бөгеліп, қазақ пен Орта Азия мұсылмандарына арнап «Тәкия» атты жатақ үй салдырады. Жат жерде жүріп үлкен істің басы-қасында болып, бұл құрылыстың тез аяқталуына атсалысқан да — осы Ізғұтты.

Қағбаға барған алғашқы күні қажылар Қағбаны жеті рет айналып, қасиетті Қара тасты сүйіп, ішке кіреді екен. Сол күні Құнанбайдың дене қызуы көтеріліп, өз аяғымен жүруге шамасы келмей қалады. Ережеге сай, науқас адамдарды ішке кіргізбейтін болған.

Құнанбай мұны естіп, қатты қамығып:

«Ей, Жаратқан Алла, әуелде Құнанбай қып жараттың, аузыма дүйім елді қараттың. Бір кісідей бұл дүниенің рахатын көрсеттің. Енді міне, жер түбінен келіп тұрып, Қағбаның есігіне жетіп, ішіне кіре алмағаннан маған өлім артық. Одан да алсаңшы мені, Алла!» — деп көкке қарап, көз жасын төгіп, жаратушыға жалбарыныпты.

Сонда Ізғұтты:

«Құнеке, ренжімеңіз. Ертең Алла жәрдем берсе, мен сізді сол есіктен елдің алдымен кіргіземін» — деп уәде береді.

Ертеңіне ұзын-сонар кезекті көрген Ізғұтты:

«Мініңіз, менің мойныма!» — деп Құнанбайды мойнына отырғызып, Қағбаны жеті рет айналдырады. Қасиетті тасты сүйгізеді. Осыдан кейін Құнанбайдың денсаулығы жақсара бастаған.

Құнанбай арманына жетіп, Қағбаның ішін көріп қайтады. Ізғұттының қиын сәтте көрсеткен ерлігіне қатты риза болып, батасын берген. Осы сапардан кейін Құнанбай – «Үлкен қажы», Ізғұтты – «Кіші қажы» атанып елге оралады.

Бұл материал журналист, Ізғұттының шөбересі Медетжан Ізғұттинов пен жазушы Бейбіт Сапаралының еңбектеріндегі деректер негізінде дайындалды.


Оқи отырыңыз: 👇🏻