"Баламды буындырып өлтірді": Сабақ кезінде 6-сынып оқушысы көз жұмды
фото: видеодан скриншот

"Баламды буындырып өлтірді": Сабақ кезінде 6-сынып оқушысы көз жұмды

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Жұмысшы ауылындағы А.Оразбаева атындағы мектепте 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла ақпан айында сабақ кезінде көз жұмған. Оның анасы Гүлмира Көшеева бұл қайғылы жағдайдың себебі ретінде сыныптасының тарапынан жасалған буындыру әрекетін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Sadaq.kz сайтына сілтеме беріп.

Гүлмира Көшееваның айтуынша, баласы Ұлағат сабырлы, тәртіпті, оқу озаты болған. Ол сыныптасының телефонын ойнап тартып қашқан кезде, артынша қуып жеткен бала мойнынан қылқындырып, партаның жанында ұзақ ұстап тұрған. Нәтижесінде Ұлағат есінен танып, оқиға орнында жан тапсырған. Сол сәтте мұғалім сыныпта болмаған.

"Баламды көргенде үсті-басы су, аяқкиімін шешіп тастапты. Мұғалімдер алғашқыда қоңырау кезінде құлап қалды деп алдады. Бірақ кейін ғана шындық ашыла бастады. Жаны шығып кеткенше ешкім көмек көрсетпеген. Су шашып, есін жинатады деп ойлаған. Бірақ сол күйі көз жұмды", – дейді анасы.

Алғашқыда мектеп әкімшілігі мен ұстаздар Ұлағаттың жүрегі әлсіз немесе эпилепсия болған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда бір айдан астам уақыт жүргізілген сот-медициналық сараптама баланың денсаулығында еш ақау болмағанын растады. Өлімнің нақты себебі – қылғындыру салдарынан тілін жұтып, тыныс жолының жабылып қалуы.

Оқиға бойынша мектептің төрт мұғалімі жұмыстан шығарылып, екі қызметкер өз еркімен кеткен. Алайда сынып жетекшісі мен директордың орынбасары кәсіподаққа шағым түсіріп, жұмысқа қайта оралуға әрекеттенген.

"Күні кеше ғана жұмысынан қуылғандардың қайта келуі мені екінші рет өлтіргендей болды. Қалай ғана мұндай жағдайдан соң еш қымсынбай мектепке қайта оралмақшы? Бұл — құрмет емес, басыну", – дейді ашынған ана.

Мектеп басшылығы бұл мәселені еңбек инспекциясының ұсынысына сәйкес білім бөліміне жолдағанын, мәселе әлі қаралып жатқанын айтады.

Ал қылмыстық жауапкершілікке келсек, Ұлағатты буындырды деген оқушы 12 жасқа толмағандықтан, заң жүзінде жазаланбайды. Оның ата-анасына тек әкімшілік айыппұл салынған. Іс қысқартылған.

Марқұмның анасы Гүлмира Көшеева баласының өліміне себеп болған адамдардың әділ жаза алуын талап етіп отыр. Қазіргі таңда ол бұл істің қайта қаралуына қол жеткізу үшін барлық құзырлы органдарға шағым түсіріп жатыр.

"Менің талабым – біреуді түрмеге отырғызу емес. Бірақ баламды аман тапсыра алмағандар, оның өліміне тікелей немесе жанама себеп болғандар жазасыз қалмауы керек. Бұл – бір ғана баланың емес, барлық ата-ананың алаңдауы тиіс мәселесі", – дейді Гүлмира Көшеева.