"Жүректі ауыртады": Зейнеткер 10 сағат бойы Шымкенттен Қарағандыға жаяу жүрген

29 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: видео скриншот

Қарағанды бағытында жол бойында шаршап-шалдығып келе жатқан қарияны кездейсоқ жолаушы байқап қалып, жағдайын сұрап тоқтаған. Белгілі болғандай, қарт адамның көлікке отыруға мүмкіндігі болмаған – есепшоттары бұғатталып, зейнетақысын да ала алмай жүрген. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қария жол жиегімен жалғыз өзі жаяу жүріп келе жатқан. Оның жағдайын алғаш болып байқаған – Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов. Ол көлігін тоқтатып, қарияның не себепті ұзақ жолға жалғыз шыққанын сұрайды.

Белгілі болғандай, зейнеткердің есепшоттары микрокредит ұйымдарына қарызы үшін бұғатталған. Ал зейнетақысы – белгісіз біреулердің иелігінде. Ақшадан айырылып, көмек сұрайтын ешкімі болмағандықтан, ол Шымкенттен Қарағандыға дейінгі ұзақ жолға жаяу шығуға мәжбүр болған.

"Мұндай жастағы адамның жалғыз, шарасыз, ақшасыз жүргенін көру жүрекке ауыр тиеді", – деді Нұржан Махамбетов. Ол зейнеткерге көмек қолын созып, есепшоттарын қайта қалпына келтіруге ықпал еткен.

Махамбетов өз сөзінде: "Адамдар жайдан-жай жолықпайды: кейде олар сіздің өміріңізді өзгертеді, кейде сіз олардың өмірін өзгертесіз", – деп түйіндеді.

Тэгтер:

шымкент Қарағанды Зейнеткер 10 сағат жаяу жүрген