Қазақстанда бүйрек ауруларын емдеуге арналған инновациялық дәрі енді өз елімізде өндіріледі
plus.rbc.ru

Қазақстанда бүйрек ауруларын емдеуге арналған инновациялық дәрі енді өз елімізде өндіріледі

Алматыдағы «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» базасында созылмалы бүйрек ауруы (СБА), 2 типті қант диабеті мен жүрек жеткіліксіздігін емдеуге арналған инновациялық препараттың өндірісі жолға қойылды. Бұл – еліміздегі денсаулық сақтау саласын нығайтуға бағытталған маңызды қадам, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Жоба «АстраЗенека» халықаралық фармацевтикалық компаниясының қатысуымен жүзеге асып отыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, бұл бастама Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар ауруларды тиімді емдеуге бағытталған және пациенттерге үздіксіз терапиямен қамтамасыз етуге жол ашады.

Қазақстанда шамамен 2 миллионға жуық адам созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан. Сарапшылардың айтуынша, бұл дерттің ушығуы еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне және өмір сапасының нашарлауына алып келеді. Сондықтан, ауруды ерте диагностикалау және заманауи ем әдістерін қолдану аса маңызды.

ҚР бас штаттан тыс нефрологы, профессор Салтанат Туғанбекованың сөзінше, бүгінде елімізде 15 мың адам бүйрек алмастырушы терапияға мұқтаж. Олардың ішінде жас пациенттер де бар. Жаңа отандық препарат осы науқастар үшін үлкен үміт сыйлайды.

Инновациялық дәрі — «Форсига» — бұған дейін шетелден тасымалданатын. Енді оның өндірісі толықтай Қазақстанда жолға қойылып, қолжетімділігі артады. Жаңа өнім амбулаториялық тегін дәрілік қамтамасыз ету тізіміне енгізілген.

Бұл жоба Қазақстан мен Ұлыбритания және Швеция арасындағы ынтымақтастықтың нақты жемісі саналады. «АстраЗенека» компаниясы алғашқы кезеңде 5 млн АҚШ долларын инвестициялаған, ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 40 млн долларға дейін өседі деп күтілуде.

«Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасының» атқарушы директоры Ерен Ейги жобаның ел экономикасына да, фармацевтикалық секторға да серпін беретінін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі дәрілік заттардың кемінде 50%-ы отандық өндірістен шығуы керек деген тапсырма берген еді. Бүгінгі бастама сол міндеттің нақты орындалып жатқанын көрсетеді.