Қазақстанда теміржол вокзалдары жаңарып, жаңа бағыттар ашылады – ірі жобалар таныстырылды

29 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
freepik.com

Елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа бағыттар ашу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынуда. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына сілтеме жасап.

125 вокзал қайта жаңғыртылады
Тайжановтың айтуынша, қазіргі таңда жөндеуді қажет ететін 125 теміржол вокзалы анықталған. Олардың 21-і елдегі туристік тұрғыдан маңызды аймақтарда орналасқан. Қайта құру жұмыстары 2025 жылдың 14 сәуірінде басталды. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық жағдай қарастырылады.

Достық – Мойынты бағыты 5 есе тиімді болады
Келесі айда Достық – Мойынты бағытында екінші жол іске қосылады. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттырып, пойыздардың тәуліктік жүрісін 1500 шақырымға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Алматы айналма жолы мен жаңа бағыттар
Алматы айналма жолының құрылысы 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл Алматы теміржол торабының жүктемесін 40%-ға төмендетіп, жүктердің жеткізілу мерзімін бір тәулікке қысқартады.

Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз бағыттары бойынша жаңа теміржол желілері де салынып жатыр. Бұл жобалар Орталық Азияға бағытталған тасымалдау қуатын жылына 20 млн тоннаға, ал Қытай бағыты бойынша – 25 млн тоннаға арттырады. Аяқталу мерзімі – 2026 және 2027 жылдар.

Транскаспий дәлізінің дамуы
Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бағытындағы инфрақұрылымды да жаңартуда. Қызылжар – Мойынты, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау, Қандыағаш – Тобыл, Шалқар – Бейнеу және басқа да учаскелерде құрылыс пен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жобалар 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

2030 жылға дейінгі жоспар
Жалпы 2029 жылға дейін 16 мың шақырым теміржол желісінің 11 мың шақырымына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Бұл жобалар еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірлік және халықаралық сауда жолдарын дамытуға тың серпін береді.

Тэгтер:

теміржол вокзалдары Транскаспий дәлізі Достық – Мойынты бағыты 125 вокзал қайта жаңғыртылады