Екі баласын тұншықтырып өлтірген мұғалімнің ісі сотта қаралды
Ақтөбеде 11 айлық қызы мен 3 жасар ұлын қасақана тұншықтырып өлтірді деп айыпталған 29 жастағы келіншекке қатысты қылмыстық іс сотта қаралды. Аса ауыр қылмыспен айыпталып отырған әйел бұрын мектепте мұғалім болып қызмет еткен, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот отырысында белгілі болғандай, 2025 жылдың 23 наурызында Ақтөбеге қонаққа келген келіншек ұйықтап жатқан қос баласын жастықпен тұншықтырып өлтірген. Сот-медициналық сараптама нәтижесі балалардың мұрын мен ауыз тұсы жұмсақ затпен жабылып, механикалық асфиксиядан көз жұмғанын көрсетті.
Күдікті — Байғанин ауданында дүниеге келген, жоғары білімді, Қ.Жұбанов атындағы университеттің түлегі. Бұған дейін Атырау облысында мұғалім болып жұмыс істеген. Кейінгі жылдары бала күтімімен үйде отырған.
Оқиға алдында әйелдің жүйке жүйесінде ауытқулар пайда болып, ол ата-анасының бақылауына алынған. Қайғылы оқиға болған күні күдікті қасақана әрекетке барып, өзінің айтуынша, "аналық мейірім болмағандықтан" осындай шешімге келген.
Сотқа жәбірленуші ретінде келген күйеуі Жеңісбек Әділханов бұған дейін де әйелінің баланы тұншықтырмақ болғанын айтып берген. Бірақ ол кезде сенбегенін, кейін қыздың бетінде іздер пайда болғанда ғана мән бергенін айтты. Балаларды ата-анасының үйіне жіберген кезде қауіп төнеді деп ойламағанын жеткізді.
Қазіргі таңда әйел Алматы облысы, Талғар ауданындағы психикалық денсаулық орталығында мәжбүрлі түрде емделіп жатыр. 24 сәуірде тағайындалған сот-психиатриялық сараптама оның созылмалы психикалық дертке шалдыққанын, әрі өз іс-әрекетіне толық жауап бере алмайтынын анықтады.
Сот төрағасы Нұрлан Бақтығалиевтің айтуынша, әйел әрекетке қабілетсіз деп ресми танылмағанымен, ол туралы нақты шешімді сот сараптамасы негізінде басты сот отырысы шеңберінде шығару көзделіп отыр. Басты сот талқылауы 10 маусым күні өтеді.