Тұрсын Алагөзов туралы көпке беймәлім деректер
https://vk.com/kz_facts

Тұрсын Алагөзов туралы көпке беймәлім деректер

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовтің жомарттығы кеңінен талқылануда. Баян Алагөзованың жары қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлап, жұрттың ықыласына бөленді. Бұл игі бастама туралы және кәсіпкердің өзге де елеусіз қалған қырлары жайлы Anyqtime.kz тілшісі жазады.

Жүз адамға — пәтер сыйлады

Алагөзов ұзақ жылдар бойы өзімен бірге жұмыс істеген жүз қызметкеріне пәтер кілтін табыстады. Олардың 80 пайызы — қарапайым жұмысшылар. Көпшілігі 1998 жылдан бері компанияда еңбек етіп келеді. "Бұл менің жүрек қалауым. Көпшілік мұны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деуі мүмкін, ал мен үшін бұл — алғыс білдірудің жолы", — деді кәсіпкер кілт тапсыру рәсімінде. Қызметкерлерге пәтер кілтімен қатар үйдің құжаты мен арнайы сертификат берілді.

Бизнеске қайта оралған

Тұрсынғали Алагөзовтің есімі қоғам назарына алғаш рет 2016 жылы ілікті. Продюсер Баян Алагөзовамен (бұрынғы Есентаева) некелескен соң, оның жеке өмірі жұрт назарында болды. Алайда кәсіпкерлік жолы әлдеқайда ертерек басталған.

1998 жылы алғашқы компаниясын алғашқы жары Ляйсара Маратпен бірге құрған Алагөзов кейінгі жылдары отбасылық келіспеушілікке байланысты бизнесінен айырылып қалған. Сот процестері алты жылға созылған. Тек 2024 жылы ғана компания толығымен өз атына қайтарылып, бизнесін қайта қолға алды.

Бүгінде компаниясында 3000 адам жұмыс істейді, жылдық табысы — 41 млрд теңге. 2023 жылы Алагөзов Шымкенттегі сыра зауытын 8 млрд теңгеге, ал 2024 жылы ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорынды 11 млрд теңгеге сатып алған.

Forbes тізіміндегі кәсіпкер

2025 жылы Forbes Kazakhstan Алагөзовті Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарына қосып, дәулетін 130 млн доллар деп бағалады (61-орын).

Әлеуметтік бастамаларға демеушілік етеді

Кәсіпкер жұбайы Баян Мақсатқызының әлеуметтік жобаларын қолдаумен де танымал. Солардың бірі — тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған "Мама Клара" дағдарыс орталығы. Бұл орталықтың негізгі демеушісі — Тұрсын Алагөзов.

Сондай-ақ, жақында өткен "Алтын ханым" байқауының жеңімпазына кәсіпкер көлік сыйлады.

Дереккөз: Aqshamnews.kz, Kursiv.media