Jusan Bank ресми түрде атауын өзгертеді
Қазақстандық Jusan Bank атауын өзгертеді. Бұл шешім акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданып, мемлекеттік қайта тіркеуден кейін күшіне енеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Енді банктің ресми атауы – "First Heartland Jusan Bank" АҚ орнына "Alatau City Bank" АҚ болады. Бұл өзгеріс биылғы 15 мамырда өткен акционерлердің жылдық жиналысында мақұлданған.
Қаржы ұйымының мәліметінше, атау өзгерісі банктің жаңару бағытымен, ішкі стратегияны қайта қарау кезеңімен байланысты. Бұл ребрендинг банктің даму жолындағы жаңа бетбұрыс екені айтылды.
Айта кетейік, Jusan Bank қазіргі атауын 2019 жылы алған болатын. Бұрынғы Цеснабанк негізінде құрылған қаржы ұйымы кейіннен Jusan брендімен жұмыс істей бастады. Ал 2021 жылы АТФБанк акцияларының 99 пайызын сатып алып, оның клиенттері мен барлық міндеттемелерін өзіне қабылдаған.
Жаңа атау банк қызметіне әсер етпейді. Клиенттер үшін барлық шарттар мен міндеттемелер бұрынғыша сақталады.