«Интер» мен «Барселона» жеті гол соғып, жанкүйерлерге нағыз футбол шоуын сыйлады
Милан қаласындағы әйгілі «Джузеппе Меацца» стадионында Чемпиондар лигасының жартылай финалының қарымта ойыны өтіп, жанкүйерлер нағыз футбол драмасына куә болды. «Интер» мен «Барселона» арасындағы шайқас эмоцияға толы, тартысты әрі голдарға бай матч ретінде есте қалды,- деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.
Негізгі уақытта екі команда 3:3 есебімен тең тарқасты. Бұл нәтиже алғашқы кездесудің де дәлме-дәл көшірмесі – сол ойында да таблода дәл осындай есеп тіркелген еді.
Миландықтардың сапынан Лаутаро Мартинес (21-минут), Хакан Чалханоглу (45+1, пенальти) және Франческо Ачерби (90+3) өз есімдерін гол авторлары қатарына жазды. Ал «Барселона» намысын қорғаған Эрик Гарсия (54), Дани Ольмо (60) және Рафинья (88) есепті теңестіріп отырды.
Ойынның тағдырын қосымша уақытта соғылған жалғыз гол шешті. 99-минутта Давиде Фраттези айып алаңында жасалған шабуылды нәтижелі аяқтап, «Интерге» 4:3 есебімен жеңіс сыйлады. Осылайша, италиялық команда Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды.
Енді «Интер» шешуші ойында «Арсенал» мен ПСЖ арасындағы кездесудің жеңімпазымен чемпиондық атақ үшін айқасады.