Смартфон тіркеуінен түскен миллиардтар бюджетке емес, жеке компанияға кетіп жатыр
Қазақстанға ресми түрде жеткізілетін әр смартфон үшін шамамен 4000 теңге тіркеу төлемі алынуда. Бірақ бұл қаражат ел бюджетіне емес, 2023 жылы ғана құрылған жеке меншік компанияның есебіне түсіп жатқан көрінеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Эколог Павел Александровтың зерттеуінше, әрбір заңды тұлға Қазақстанға әкелінетін смартфон мен планшетті тіркеу үшін “ATS Mediafon KZ” ЖШС-не құрылғы басына 4000 теңге төлеуге міндетті. Ал жеке тұлғаларға айына екі смартфон мен екі планшетті тегін тіркеуге рұқсат берілген.
Сарапшылардың есебі бойынша, жылына Қазақстанға шамамен 4 миллион смартфон импортталады. Бұл дегеніміз – 16 миллиард теңге бір ғана компанияның шотына бағытталады деген сөз. Таңғаларлығы – бұл қаражаттың мемлекеттік бюджетпен еш байланысы жоқ.
"ATS Mediafon KZ" компаниясы 2023 жылдың сәуірінде тіркеліп, бағдарламалық кодтар әзірлеумен айналысатын ұйым ретінде көрсетілген. Оның директоры әрі құрылтайшысы – Владислав Сафаров. Ол бұған дейін көтерме сауда мен IT саласындағы бірнеше компанияны басқарған.
Дегенмен, мемлекеттік органдардың бұл жағдайға немқұрайлы қарауы қоғамда ашықтық пен әділеттілікке қатысты сұрақтар туындатты. “Ақ Жайық” басылымы цифрлық даму министрлігіне мынадай нақты сұрақтар қойған:
- Смартфонды тіркеу құны неге дәл 4000 теңге деп белгіленді?
- Бұл қызметті неге жаңа құрылған жеке компания атқарып отыр?
- Неліктен бұл компания бюджетке салық төлемей, миллиардтарға ие бола алады?
- Министрлік мұндай делдал құрылымның пайда болуына неге жол берді?
Журналистік зерттеулер көрсеткендей, бұл тек техникалық мәселе емес – мемлекеттік саясат пен азаматтық сенімге тікелей қатысы бар мәселе. Ал бұл сауалдарға нақты жауап әлі күнге дейін берілген жоқ.