«Қызғаныш – қылмысқа жетеледі»: 20 жылдық кездесуде әйелін атып тастады
Қырғызстанның Ош облысында мектептегі 20 жылдық кездесуге барған әйелді күйеуі қызғаныштан өлтірген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Оқиға 26 мамыр күні Өзген ауданында болған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 1987 жылы туған қырғыз азаматшасы сыныптастарымен кездесуге барған. Осыдан кейін 40 жастағы күйеуі әйелінің бұрынғы сыныптастарының бірімен араласуына ашуланып, әйелін алдымен ұрып-соғып, кейін оқ атқан.
Келіншек ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Күдікті қолға түсті.
Марқұмның анасы бұл оқиғаға қатысты жүрек ауыртар мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қызы кездесуге боянып-сыланбай, қарапайым күйде барғанымен, қызғаншақ күйеуіне бұл да жеткіліксіз болған.
«Қолынан келсе күйеуін өртеп жіберер едім», – дейді қара жамылған ана. – «Қызым біреудің қолын ұстаған жоқ. Бірақ сол тойға барғаны үшін жанынан айырылды».
Полиция бұл қылмысты тұрмыстық және қызғаныш себептерімен жасалған деп бағалап отыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.