Қазақстанда жеке куәлікті онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа қызмет түрі іске қосылды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа бастама — мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған пилоттық жоба. Енді жеке куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда құжатты үйден шықпай-ақ, eGov электронды үкімет порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы ауыстыруға болады.
Қандай жағдайда қолжетімді?
Бұл қызмет жеке куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталуына 30 күн немесе одан аз уақыт қалған кезде, сондай-ақ мерзімі 10 күннен аспайтын уақыт бұрын аяқталған болса ғана қолжетімді.
Құжатты қалай рәсімдеуге болады?
- eGov.kz порталына немесе eGov Mobile қосымшасына кіріп, өтініш толтыру қажет;
- ЭЦҚ арқылы қол қойылады;
- Фотосурет арнайы форматта түсіріліп, өтінішке тіркеледі;
- Жүйе азаматтың тіркелуі мен суреттің талапқа сайлығын тексереді;
- Мемлекеттік баж салығын төлеу қажет;
- Өтініш мақұлданған соң, дайын куәлікті ХҚКО-дан алып кетуге болады.
Бұл өзгеріс 2026 жылдың 31 наурызына дейін пилоттық режимде жүзеге асырылады. Жоба сәтті жүзеге асса, болашақта бұл тәжірибе кең ауқымда қолданылуы мүмкін.