Қазақстанда газ тасымалдау жүйесін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл жөнінде Anyqtime.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Энергетикалық қауіпсіздік пен газбен қамтудың сенімділігін арттыру мақсатында еліміздегі тозығы жеткен магистральдық желілер кезең-кезеңімен жөнделуде. Негізгі жұмыс – «Орта Азия – Орталық» (ОАО) газ құбырын күрделі жөндеуден өткізу.
336 миллиард теңгенің жобасы
2024 жылдың қараша айында «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «Қагам» ЖШС арасында 336,7 млрд теңгеге құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша келісімшарт жасалған. Жобаның аясында 2024–2026 жылдар аралығында 10 мыңнан астам ақаулы құбырды ауыстыру көзделіп отыр.
2024 жылы атқарылған негізгі жұмыстар:
«ОАО-4/5» учаскесінде 809 құбырдың орнына 867-сі жаңартылды.
2025 жылғы аралықтағы жұмыстар:
«ОАО-4» магистральдық құбырының бірнеше бөлігінде 3 222 құбыр ауыстырылды (жоспар – 3 611).
«ОАО-5» бөлігінде жоспардан тыс артық жұмыс атқарылып, 108 құбыр жөнделді.
Жалпы алғанда, биыл шамамен 6 596 ақаулы учаскені жөндеу жоспарланып отыр.
Жоба не үшін маңызды?
Жөндеу жұмыстары тек Қазақстан ішіндегі газ қауіпсіздігін күшейтумен шектелмейді. Бұл инфрақұрылым Ресейден Өзбекстанға өтетін транзиттік газ ағынын арттыруға да мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, еліміздің экспорттық әлеуетін көтеру үшін газ инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары әрі қарай да жүйелі түрде жалғаса береді.