Ұлы жазушының музасы болған нәзік жандар жайлы не білеміз?
Фото: Коллаж Anyqtime.kz

Ұлы жазушының музасы болған нәзік жандар жайлы не білеміз?

«Аруларсыз Әуезовтің өмірін елестету мүмкін емес»

Қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезов – көркем сөздің ғана емес, махаббат пен нәзіктіктің де шебері еді. Оның өмірінде шығармашылық шабытына қанат бітірген әйелдер аз болмаған. Жазушының ресми некелері көпшілікке белгілі болғанымен, жан дүниесіне әсер еткен арулар туралы айтылар сөз де, жазылар хикая да көп.

Ресми некелері: үш әйел – үш тағдыр

Мұхтар Әуезов өмірінде үш рет отбасын құрған:

Райхан – алғашқы жары. 1917 жылы, атастыру дәстүрімен, 15 жастағы бойжеткенге үйленеді. Бұл некеден Мұғамиля есімді қызы дүниеге келеді. Ұлы Шоқан сәби кезінде шетінеп кеткен. Алайда бұл одақ ұзаққа бармай, 1920 жылы екі жас ажырасып, ол сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді.

Кәмилә – Абайдың немересі, Мағауияның қызы. Сұлулығы мен сымбатына тәнті болған Мұхаң бұл қызға жету үшін біраз тер төгеді. Олардың отбасылық өмірі де ұзаққа созылмаған. Кәмиләдан туған екі қыз – Мағрипа мен Зере жастай шетінеп кеткен. Кәмилә 1926 жылы өкпе ауруынан дүние салады.

Валентина Кузьмина – Ленинград университетінде танысқан орыс қызы. Бұл некеден Лейла (1929 ж.) мен Ернар (1935 ж.) дүниеге келген. Мұхаңның шетелдік ортада да, заманауи ғылым ордасында да махаббатын тапқанына куә осы жұп.

Музасы болған арулар

Заңды некеден бөлек, Мұхаңның шығармашылық әлемінде ерекше орын алған әйелдер де бар:

Фатима Ғабитова – алаш ардақтылары Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтің де жүрегін жаулаған сұлудың бірі. Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлаған. Бүгінде Мұрат Әуезов – жазушының көзі тірі жалғыз ұрпағы.

Аққал Хасенова – қазақ қыздары арасынан тұңғыш болып филология ғылымынан докторлық диссертация қорғаған тұлға. Түркі дүниесінің рухани өкілі болған ол – жазушының өмірінің соңғы кезеңінде жан серігіне айналған.

Сонымен қатар, жазушының айналасында жүрген, рухани әлеміне әсер еткен Гүлбан, Күлән, Мәспен, Оразкен, Ольга, Надя сынды әйелдердің есімдері аталады. Олар жайлы нақты мәліметтер аз болғанымен, әрқайсысы Әуезовтің жүрегінде бір із қалдырғаны анық.

Махаббат пен мейірімге толы ғұмыр

Талапшыл, қатаң тәртіпті жақсы көретін Мұхаң нәзік жандыларға келгенде мейірімді, жұмсақ болған деседі. Ол – сүйе білген, шабыттана білген, жақсы көре білген тұлға.

Жазушының өмірінен сыр шертетін бұл деректер – біз білетін Мұхтар Әуезовтің басқа қырын танытады. Бұл жай ғана жеке өмір хикаясы емес, үлкен бір дәуірдің ішкі лебін сездіретін шынайы сурет.


Дайындаған Ерлан Айқынұлы,
Деректер Semeytany.kz сайтынан алынды.