Сыныптастардың 20 жылдық кешінде қаза тапқан келіншектің соңғы видеосы тарады
Қырғызстанда сыныптастар кездесуіне барған әйел адам күйеуінің қолынан қаза тапты. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Madenioportal.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Ош облысы, Қара Құлжа ауданында тіркелген. 37 жастағы келіншек 20 жылдық кездесуге барғаннан кейін күйеуінің қатігез әрекетінің құрбанына айналды. 40 жастағы ер адам оны алдымен ұрып-соққан, кейін сүйреп, атқа байлап, ақыр соңында атып өлтірген.
Қайғылы жайт 26 мамыр күні белгілі болды. Полицияға әйелдің жарақат салдарынан ауруханаға жетпей көз жұмғаны туралы хабарлама түскен.
Қырғыз құқық қорғау органдары «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады.
Марқұмның анасы қызының ешкімге жамандық жасамағанын айтып, оны тек қызғаныш үшін өлтіргенін жеткізді. «Қызым боянып та бармады, ешкімнің қолын да ұстаған жоқ. Бірақ күйеу балам оны қызғанып, өмірін қиды», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Әлеуметтік желілерде сыныптастар кездесуі кезінде түсірілген бейнежазба тарады. Онда марқұмның ақкөңіл, жайдары қалыпта жүргені байқалады.
Бұл жағдай Қырғызстанда ғана емес, тұтас Орталық Азия қоғамында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қайта күн тәртібіне шығарып отыр.