2025 жылы балалы отбасыларға 1,7 трлн теңге жәрдемақы бөлінді
Қазақстанда бүгінде 2,1 миллионнан астам балалы отбасы мемлекеттен жәрдемақы алып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ана мен баланы қолдауға бағытталған әлеуметтік төлемдер жүйесі бірнеше деңгейден тұрады. Оған республикалық бюджеттен бөлінетін бес түрлі жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін екі төлем түрі кіреді. Ең маңыздысы — бұл көмектер отбасының табысына тәуелсіз түрде беріледі.
— Қазіргі таңда 2,1 миллионнан аса балалы отбасы мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие. Биыл осы мақсатқа 1,7 триллион теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 807 миллиард теңге, ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 856 миллиард теңге қарастырылған. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 210 миллиард теңгеге көп. Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақы мен төлем 6,5 пайызға өсті, — деді ведомство өкілі.
Бір реттік төлемдер қатарында бала туылғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақы бар. Оның мөлшері 149 мыңнан 247 мың теңгеге дейін жетеді. Тек 2025 жылдың алғашқы төрт айында 137 мың отбасыға 21 миллиард теңгеден астам қаражат төленген. Ал жыл соңына дейін бұл мақсатқа 75 миллиард теңге жұмсалмақ.
Сондай-ақ, жұмыс істемейтін аналарға 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Бұл көмек:
бірінші бала үшін — 22 649 теңге;
екінші балаға — 26 777 теңге;
үшінші балаға — 30 866 теңге;
төртінші және одан кейінгі балалар үшін — 34 995 теңге көлемінде беріледі.
1 мамырдағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны 123 мың отбасы алып, жалпы сомасы 14,5 миллиард теңге төленген.