«Мен тек міндетімді атқардым»: Баян Алагөзова жұбайының жомарттығына қолдау білдірген көпшілікке алғыс айтты
Танымал продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде күйеуі, кәсіпкер Тұрсын Алагөзовке қолдау білдірген халыққа алғыс білдірді. Айта кетейік, жуырда Алагөзов өзі басқаратын компанияда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен 100 қызметкеріне Алматы қаласынан пәтер тарту еткен еді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Продюсердің айтуынша, жұбайы бұл әрекетін жариялауды жоспарламаған.
"Ол әдеттегідей барлығын жасырын істеймін деп ойлады. Бірақ мен бұл туралы ашық айтудың маңызы бар екенін жеткіздім. Басқа да кәсіпкерлер осындай бастаманы жалғастырса деген үміт болды. Қоғам бұлай қолдайды деп күтпедік. Тұрсын әлі күнге дейін таңғалып жүр. "Мен тек мұқтаж жандарға көмектестім, міндетімді орындадым" дейді. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын", – деп жазды Баян Алагөзова Instagram парақшасында.
Желі қолданушылары бұл жомарт қадамды жоғары бағалап, өз пікірлерін жарыса жазып жатыр. Алагөзовтің бастамасы қоғамда оң резонанс туғызып, әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналды.