Трент Александер-Арнолд ресми түрде "Реал Мадрид" сапында
Ағылшын футболшысы Трент Александер-Арнолд мансабын енді Мадридте жалғастырады. 25 жастағы қорғаушы «Реал Мадридпен» алты жылға келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Келісім 2025 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне еніп, 2031 жылдың 30 маусымына дейін жарамды болмақ. «Ливерпульмен» келісімшарты ресми түрде 30 маусымда аяқталуы тиіс болғанымен, испандық клуб футболшыны ертерек қатарына қосу үшін 10 миллион фунт стерлинг өтемақы төлеген.
Бұл трансфердің арқасында Александер-Арнолд "Реал" сапында 14 маусымда АҚШ-та өтетін Клубтық әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.
Трент Александер-Арнолд "Ливерпуль" құрамында 354 матч өткізіп, 23 гол соғып, 92 нәтижелі пас берген. Ол клубпен бірге Чемпиондар лигасын, АПЛ-ды, Англия кубогын және Клубтық әлем чемпионатын жеңіп алды.
Жаңа клубта ол Англия құрамасындағы серігі Джуд Беллингеммен бір командада ойнайды. Өз кезегінде «Ливерпуль» клубы ұзақ жылғы қызметі үшін ойыншыға алғысын білдіріп, жаңа кезеңіне сәттілік тіледі.