Чемпиондар лигасы: Бүгін «Арсенал» мен ПСЖ финалға жолдама үшін алаңға шығады

7 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
kick-or-die.ru

Бүгін түнде, Астана уақыты бойынша сағат 01:00-де, Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы тағдыршешті кездесу өтеді. Париждің «Парк де Пренс» стадионында Францияның ПСЖ командасы мен Англияның «Арсенал» клубы финал жолдамасын сарапқа салады, - деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.

Алғашқы ойында Париждіктер сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетіп, аз да болса басымдыққа ие болды. Бұл матчта жалғыз әрі шешуші голды Усман Дембеле соққан еді. Сондықтан жауапты кездесуде лондондықтардан тек шабуылдап, есепті теңестіру ғана емес, жеңіс қажет.

Төрешілік міндет Германия өкілі Феликс Цвайерге жүктелген. Қатаң тәртіп пен халықаралық тәжірибесі мол Цвайердің бұл ойынның тынысын қалай реттейтіні де қызық болғалы тұр.

Кездесу тікелей эфирде Қазақстанның ұлттық спорт арнасы — Qazsport арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар матчты qazsporttv.kz ресми сайтынан онлайн форматта да тамашалауға болады. Ойын барысын бақылауға мүмкіндік беретін бұл ресурстар жанкүйерлер үшін ең сенімді дерек көзі болмақ.

ПСЖ өз алаңында, өз жанкүйерлері алдында ойнайды. Бұл — команданың психологиялық және тактикалық артықшылығы. Ал «Арсенал» болса, маусымның ең маңызды матчының алдында барлық күш-жігерін осы ойынға жұмылдырып отыр.

Бұл түнгі кездесуде кімнің жолы болары белгісіз. Бір белгілісі — финалға тек бірі ғана өтеді. Ал кім өтсе де, ол «Интермен» Чемпиондар лигасының басты жүлдесі үшін айқасады.

Тэгтер:

Чемпиондар лигасы Арсенал ПСЖ жартылай финал