"Құрбысы алдап шықырған": Ақнәрдің өліміне қатысты жаңа видео жарияланды
Фото: Коллаж Anyqtime.kz

"Құрбысы алдап шықырған": Ақнәрдің өліміне қатысты жаңа видео жарияланды

Ақнәр Гүлстан есімді бойжеткеннің өліміне қатысты тың бейнематериал пайда болды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Smartnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

2024 жылдың мамыр айында Алматыда Ақнәр есімді студент көпқабатты үйдің терезесінен құлап, көз жұмған болатын. Жағдай бастапқыда суицид ретінде бағаланған. Алайда марқұмның анасы Қәмит Гүлстан мен құқық қорғаушы Инга Иманбай өткізген баспасөз мәслихатында бұл нұсқаның күмәнді екені айтылды. Олар оқиғаға байланысты жаңа бейнежазбаларды көпшілікке ұсынды.

Инга Иманбайдың айтуынша, Ақнәрдің психологиялық жағдайы тұрақсыз болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл сөздерін ол 2024 жылғы 12 сәуірде түсірілген видео-дәлелмен негіздеді.


🔗  Ақнәр Гүлстанның өлімі, сот ісі жайлы барлық ақпараттар жиыны


Бұған дейін адвокат Жандос Палманов та бір кештен түсірілген видеоны көрсеткен болатын. Онда Ақнәр өзге қыздармен караоке айтып, көңілді отырғаны, бірақ кейін еденде жылап жатқаны көрініп тұр. Оның шашы жұлынған, көзі ісіп кеткені байқалады.

Жаңа видеода Ақнәрді белгісіз ер адам ұстап отырғаны, қыздың "тиіспе" деп жалбарынғаны, ал ер адамның терезені ашып, сыртқа шығуға ишара жасағаны анық көрінеді.

— Олар бұл істі бастапқыда "өзін өзі өлтірді" деп көрсеткісі келді. Бірақ шындық басқа. Видеода ер адам Ақнәрге тиісіп, оны оқшаулап, заттарын тартып алған. Соңында "Секір" деп айтқаны да анық естіледі, — дейді Инга Иманбай.

Құқық қорғаушының айтуынша, Ақнәр бұл адамды танымайтын. Қызды сабақты бірге оқитын құрбысы алдап, "тамақтанамыз" деп үйге шақырған. Ал ол жерде басқа жігіт отырған.

— Бұл қызды алдын ала ойластырылған түрде күмәнді ортаға алып барып, бейтаныс адаммен бетпе-бет қалдырған. Бұл — қылмыстық іс, — деп мәлімдеді құқық қорғаушы.

Олар видеоны тергеу органдарына ресми түрде жолдайтынын айтты. Сонымен қатар, бұл әрекеттерді келесі баптар бойынша саралауды талап етті: бостандықтан заңсыз айыру, жыныстық сипаттағы зорлық, өзін-өзі өлтіруге итермелеу, ар-намысты қорлау, өз бетімен билік ету және бөтеннің мүлкін иемдену.

Инга Иманбай оқиға кезінде Ақнәрмен бірге болған қыздарға да күмәнмен қарап отыр:

— Қыз тірі кезінде оны ауруханаға апармай, түнгі сағат үште адвокат шақыру — бұл адамдыққа жат әрекет, — деді ол.

Құқық қорғаушылар бұл істі жіті тергеуді және кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.