Алдағы демалыс күндері Қазақстанда аптап ыстық күтіледі
Апта соңында Қазақстанның оңтүстігі мен орталығында күн ысиды. Синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі деп ескертті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
«Қазгидрометтің» 31 мамыр мен 2 маусымға арналған болжамынша, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің көп өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Көктер аспанға бұлт үйіріп, найзағай ойнайды, кей аймақтарда жаңбыр жауып, жел екпіні күшейіп, тіпті бұршақ түсуі мүмкін.
— 1 маусымда оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында, ал 2 маусымда батыс пен оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр жауады. Сонымен қатар, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін, — дейді мамандар.
Батыс пен солтүстік-батыста аптап біршама бәсеңдесе, еліміздің орталығы мен оңтүстігінде керісінше, ыстық күшейе түседі. Күндізгі уақытта ауа температурасы +35...+40 градусқа дейін жетуі ықтимал.
Синоптиктер денсаулықты сақтау үшін көлеңкеде жүруге, суды көбірек ішуге және сыртқа шыққанда қорғаныш бас киім киюге кеңес береді.