Бүгін түнде Ресейдің Брянск облысында жантүршігерлік теміржол апаты болды. Жойқын апаттан балалар да зардап шекті. Болжам бойынша, көпір әдейі жарылған. Оқиға орнында құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Newsroom.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, «Климов – Мәскеу» бағытындағы жолаушылар пойызының үстіне көпірдің бір бөлігі опырылып құлаған. Қайғылы оқиға салдарынан кемінде үш адам қаза тапты, 25-тен астам жолаушы түрлі жарақат алған. Қаза болғандар қатарында – пойыз машинисі, локомотив бригадасының мүшелері және жолаушылар бар.
Төтенше жағдайдың себебі ретінде көпірдің қасақана жарылғаны айтылуда. Жарылыс кезінде көпір үстімен жүк көлігі өтіп, дәл сол сәтте астымен жолаушылар пойызы келе жатқан. Қатты соққыдан локомотив пен төрт вагон жолдан шығып кеткен.
Апат салдарынан жараланғандар арасында балалар да бар. Әсіресе бес айлық сәби ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Жолаушылар алғашқы медициналық көмекті өзара көрсетіп, кейін оқиға орнына құтқарушылар жеткен. Бірақ апат түнде болғандықтан, құтқару жұмыстарын жүргізу қиынға соққан.
Қазіргі уақытта мамандар зақымданған вагондарды кесіп, ішінде қалып қойған адамдарды сыртқа шығаруға тырысып жатыр. Зардап шеккендердің нақты саны әлі анықталып жатыр. Ауыр жараланғандарды Мәскеуге жеткізу де жоспарға енгізілген.
Оқиға мән-жайы тергеліп жатыр. Көпірдің не себепті және қалай жарылғаны алдағы уақытта нақты белгілі болады.