Үндістанның соққысынан Пәкістанда 26 адам көз жұмды – Кашмирде шиеленіс күшейді
Пәкістанның ресми өкілдері 7 мамыр күні таңертеңгі уақытта Үндістан тарапынан жасалған әуе соққылары салдарынан 26 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын, тағы 46 адамның жараланғанын мәлімдеді. Бұл туралы елдің ішкі істер және қорғаныс құрылымдары ақпарат таратты,- деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, Үндістан шабуыл жасаған алты нысанның барлығы азаматтық инфрақұрылымға тиесілі болған, әскери база ретінде тіркелмеген. Ал үнді тарапы өз кезегінде соққылардың нақты нысанасы — «қауіпті террористік лагерлер» болғанын айтып отыр.
Пәкістан Қорғаныс министрлігінің өкілі үнді әуе күштерінің бес жойғыш ұшағы атып түсірілгенін хабарлады. Алайда Үндістан бұл ақпаратты растамай отыр. BBC басылымының дереккөздеріне сүйенсек, Кашмир аумағында Үндістанның үш әскери ұшағы құлаған. Дегенмен, Делидегі ресми билік әзірге бұған қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Пәкістан Үндістан әуе күштері зымыранмен соққы жасағанын ашық жариялаған болатын. Оқиғадан кейін екі ел шекарасында әскери белсенділік күрт артып, Кашмир өңіріндегі жағдай ушығып тұр.
Сарапшылардың айтуынша, бұл – соңғы жылдардағы ең ірі әскери шиеленістердің бірі болуы мүмкін.