Балаларды қорғау күнінде бірнеше бала жоғалып кетті
Ақтауда Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара кезінде бірнеше баланың жоғалып кеткені туралы хабар тарады. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Alash.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 1 маусым күні Ақтаудың «Толқын-1» шағынауданында болған. «Abu Baby» балалар киім дүкенінің алдында жергілікті кәсіпкер балаларға арналған тегін балмұздақ пен тәтті мақта таратып, көңіл көтеру шарасын ұйымдастырған. Алғашында жақсы ниетпен басталған бұл акция көп ұзамай дүрбелеңге айналды.
Куәгерлердің айтуынша, дүкен маңында халық тым көп жиналып, балалар мен ата-аналар бір-бірін итеріп, абыр-сабыр жағдай туындаған. Желіде тараған видеолардан адамдардың ығы-жығы қозғалып жатқаны, балмұздақ үшін кезек таластың тәртіпсіздікке ұласқаны анық байқалады.
Өкінішке қарай, осы дүрбелең кезінде бірнеше баланың жоғалып кеткені хабарланды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетіп, тәртіпті қалпына келтіру мен іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі таңда Ақтау қаласы әкімдігі мен полиция департаменті тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ата-аналар ұйымдастырушыларға наразы екенін айтып, әлеуметтік желіде қызу пікір білдіруде.