«Көптен көрінбеген Кәмшат»: Хиджаб киген Жолдыбаева желіге қайта шықты
KeshYou тобының бұрынғы солисі, әнші Кәмшат Жолдыбаева көпшілік назарынан ұзақ уақыт көрінбей кеткен соң, әлеуметтік желіде алғаш рет үн қатты. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі.
Кәмшат Жолдыбаева Instagram парақшасында өзі жайлы жаңалық айтып, тыңдармандарына сағынышын жеткізді. Желіде жарияланған видеода әнші орамал тағып, ұзын көйлекпен көрінді.
«Инстаграмда көптен бері бір көрінбедім. Сондықтан әдемі болсын деп, үстіме көйлегімді киіп шықтым. Негізі инстаграмға аз шығатын немесе тіпті шықпайтын адамдарға қызығамын. Нағыз өмір — экранның бер жағында ғой. Дегенмен, арасында өздеріңізбен хәл сұрасып тұрған да жақсы. Жақында сіздерге бір өнім ұсынсам деймін, қандай өнім деп ойлайсыздар? Сіздерді өте сағындым», – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары Кәмшаттың қайта көрінгеніне қуанып, оны сағынып қалғандарын жарыса жазды. Көпшілік оның қазіргі келбетіне таңданыстарын да білдірді.
Айта кетейік, Кәмшат Жолдыбаева 2023 жылы өзінен бес жас кіші актер Ғазрет Қажымұқанұлына тұрмысқа шыққаннан кейін өнерден кететінін мәлімдеген болатын. Орамал тағып, Нұр-Мүбәрак университетінде араб тілін үйрене бастаған. Сондай-ақ психология мен йога саласына бет бұрып, жаңа өмір бастағанын жеткізген.
Жанкүйерлер арасында бұл өзгерістер оның күйеуінің ықпалымен байланысты деген пікірлер де айтылған. Бұған себеп – Ғазреттің Кәмшатқа шектеу қойғаны жайлы болжамдар мен әлеуметтік желідегі белсенділігіне қатысты сындар.
Әнші сахнадан көрінбей кеткенімен, жақын күндері жаңа өнім ұсынамын дегені – оның қайтадан жұрт алдына шығуға ниеті барын аңғартады.