Төрехан Сабырхан Таиландтағы финалда өзбек боксшысын тас-талқан етіп, чемпион атанды
Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық турнирде қазақстандық Төрехан Сабырхан алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі.
70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан финалда өзбекстандық қарсыласы Мухаммадазизбек Исмоиловпен жұдырықтасып, 5:0 есебімен айқын басымдық көрсетті. Барлық төреші бір ауыздан жеңісті қазақ боксшысына берді.
Осылайша Сабырхан Thailand Open халықаралық турнирінің чемпионы атанып, ел намысын абыроймен қорғады.
Айта кетейік, Төрехан – бұған дейін жастар мен жасөспірімдер арасында төрт мәрте Азия чемпионы атанған тәжірибелі былғары қолғап шебері. Сонымен қатар, ол 2023 жылы қараша айында Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында да алтын медаль жеңіп алған болатын.
Ерлер құрамасынан бұл турнирде тағы бір боксшымыз – Диас Молжігітов (80 келі) финалда чемпиондық атаққа таласатын болады.