Назарбаевтар әулетіне жақын адам Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайын айтты
Назарбаевтар әулетіне жақын дінтанушы, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы Сара Алпысқызының денсаулығы мен қазіргі күйі туралы айтып берді. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі.
«Sadaq» медиа агенттігінің «Дүрбі» бағдарламасына берген сұхбатында Бейбіт Сапаралы экс-президенттің зайыбы туралы бұрын-соңды айтылмаған жайттарды бөлісті. Оның айтуынша, 85 жастағы Сара Назарбаева тірі, алайда ұзақ жылдан бері ел көзінен таса өмір сүріп келеді.
Бейбіт Сапаралының сөзінше, соңғы жылдары әулетте болған ауыр жағдайлар – Айсұлтан Назарбаевтың қайтыс болуы, Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваға қатысты оқиғалар – Сара Алпысқызының рухани денсаулығына қатты әсер еткен.
«Бір кезде ұйып отырған керемет әулет еді. Әйел заты ретінде бәрін жүрекке жақын қабылдайды. Балаларын жақсы көреді, жандары ашиды. Бұл саяси баға беретін сәт емес – бұл аналық жүрекке түскен ауыртпалық», – деді Сапаралы.
Ол сондай-ақ Сара Назарбаеваның қатты науқастанып қалғанын айтып өтті.
«Көмекшілерінен естідім. Қатты ауырған. Дәрігерлер үміт аз деген. Елбасы өзі арнайы ұшып келіп, үш күн жанында болған. Бұл – жай физикалық емес, рухани ауру. Балаларының тағдыры мен әулеттің қазіргі жағдайы оны осы күйге жеткізді», – деп мәлімдеді қоғам қайраткері.
Қазірге дейін Сара Алпысқызының жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасалмаған. Дегенмен, Бейбіт Сапаралының сөзі жұртты бей-жай қалдырмады.