«Орыстың сойылын соғушы» - Абайға тағылған үш түрлі міннің бірі

2 маусым, 2025 / Ерлан Айқынұлы
Фото: azattyk.org

Абай Құнанбайұлының тұлғасы төңірегінде айтылатын пікірлер мен пайымдар әрқашан сан алуан. Әсіресе «Абай орысшыл еді» деген біржақты бағалаулардың көлеңкесі қазір де анда-санда қылаң беріп қояды. Шындығында бұл сөздің түп-төркіні қайдан шықты? Және біз бұл пайымды тарихи, рухани және саяси тұрғыдан таразылап көрдік пе?

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Құнанбайдың өзі бір сәтте ұлына «орысшылсың» деп мін таққаны айтылады. Сол бір күрделі кезеңде Абайдың берген жауабы тым қысқа, бірақ салмақты болған:

«Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын».

Бұл — сырттай қарағанда қарапайым жауап секілді көрінгенімен, астарында терең парасат пен ұлттық сана жатыр. Абай – қарсы жаудың тек қылышын емес, білімін де ескеруді үндеген қайраткер. Өйткені ол өмір сүрген кезең – бодандықтың бел ортасы, ел еңсесін тіктей алмай жатқан шағы. Мұндай уақытта Абайдың «жауды жеңу үшін алдымен оның тілін, білімін, өнерін үйрену керек» дегені – көрегендік емес пе?

Бұл ойды Абай өз қара сөздерінде де анық жеткізген. «Жиырма бесінші сөзінде» ол:

«Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр», – деп жазады.

Бірақ кейбір жұрт осы сөйлемді жұлып алып, ақынды орыс мәдениетінің үгітшісі ретінде көрсеткісі келеді. Алайда сөздің жалғасын оқымай ма?

«Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деген екен.

Міне, бұл — нағыз Абай. Сана мен салмақтың, сезім мен сергектіктің иесі. Ол орысты идеал көрген жоқ, ол білім мен дамудың тілін түсінуді талап етті.

Осы ұстанымды Абай өзінің ұлы Әбішке де дарытты. Петерборда әскери білім алған, Түмендегі реалды училищені бітірген Әбіш – сол кезеңдегі қазақ жастары арасынан шыққан сирек дарын. Батысқа бет бұра жүріп, рухани тамырынан айырылмаған ұл. Абайдың:
«Ортасында кәпірдің, арамынан татпаған», – дегені де осыдан.

Әбіш — Абайдың арманы. Абай оны артиллерияға оқуға жіберді, заман тілін меңгерсін, халқының болашағына үлес қоссын деді. Өкінішке қарай, 26 жасында өмірден өтіп, Абайдың үлкен үміті күйреп тынды. Бірақ артында рухани мұра мен тағылым қалды.

Жамбыл Жабаев Әбіштің қазасына орай жазған мына шумақ та сол рухани қайғының салмағын сездіреді:

Сәлем айт, барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда...

Ұлыны ұлы ғана түсінеді. Жамбылдың осы жолдары Абайдың тұлғасын ғана емес, ішкі әлемін, қайғы мен сабырдың ара жігін айқын суреттейді.

Бүгінгі күні Абайды үстірт бағалау — өзімізді өзіміз алдаумен тең. Ол – отарлық саясатты жақтаған жоқ, ол – ұлттық болмысты сақтап қалудың жолын іздеді. Ол – «пайданы көр, бірақ зияннан сақтан» деді. Білімді игер, бірақ рухты жоғалтпа деді.

Абай бізге жол көрсетті. Ол жол — біліммен, ғылыммен қарулану жолы. Ол жол — ұлттық рух пен әлемдік өркениетті ұштастыру жолы. Ендеше, Абайды бағалау да соған сай болуы керек.

Ерлан Айқынұлы,
Anyqtime.kz

Тэгтер:

Абай Абай Құнанбайұлы үш түрлі мін орысшылсың Абай құнанбаев