Ауылдағы бірбеткей қарияның көзімен қоғамның бет-бейнесі мен билік иелерінің болмысына үңілтетін терең мағыналы туынды. Батаның артында бүкіл ұлт тағдыры жатқанын шебер бейнелейтін, сатира мен шынайылықты ұштастырған әсерлі әңгіме.
Жанры: Қоғамдық-сатиралық проза
Авторы: М. Кенжебаев
Қиқар шалдың батасы
Қиқар ақсақал қолына құманын ұстап, әдеттегідей ерте тұрып, ауласын бір айналып шықты. Ұсақ-түйек малы, тауықтары тұратын қора-жай, әжетхана, жазғы душ орналасқан үлкен ауланы бөліп тұратын тастан қаланған шарбақ ақталып, әлі кеуіп үлгермепті.
«Түнде, шамның жарығымен әктеген бе?» деген ой қылаң етті. Ауланы бөліп тұрған шарбақтан өте бере, ол жерде де тазалық жасалғаны көзге ұрып тұр. «Е-е, мыналарға ақыл кіре бастады ма, малға қарай бастапты ғой», – деген оймен қора-жайды түгел аралап шықты.
Құлаққа ұрған тыныштық. Сәуір айының күні ыстық, ал түндері салқын. Аспанда анда-санда шашырап, қаз бауыр бұлттар жайылған сиырдай бытырап тұр. Күн ашық болатын түрі бар. Қора шарбағынан шығып, ауладағы жүзім мен жеміс ағаштарын бір-бірлеп қарап шықты. «Е-е, аяқ астынан құмды дауыл болмаса, биыл ағаштар жақсы жеміс береді екен», – деп топшылады.
Бұның жақындап қалғанын байқаған иті еріксіз есіней керіліп, орнынан тұрып, кетігіне кіріп кетті. Ақсақалдың ойына, өзімен тұстас шал-кемпірдің:
— Қиқар үйден шыға келгенде, ауласынан құс емес, шыбын да ұшпай қалады. Шақырғалы тұрған әтеш те дауысынан жаңылып жұмыртқа тастап жібере жаздайды. Көлеңкеде жатқан иті де көршінің итіне барып, бәрі іштей отыра қалады екен, – деген қыжыртпа әзілі оралды.
Қиақаң іштей «мырс» етті де:
— Е-е, алжығандар-ай, таппайтыныңдар жоқ қой, – деп күліп жіберді.
Қиқар ақсақалдың шын аты – Қияқбай. Бірақ бала күнінен бірбеткей, ойын ашық айтатын болғандықтан, мұғалімдері «қиқар бала» деп атап кеткен еді.
Десе дегендей, Қиақаң ашуланса – тік айтып салады. Ешкімнің көңіліне қарамай, тарс еткізіп бір-ақ айтады. Өзінікін дұрыс деп тапса, айтқанынан қайтпайды – өлуге де бар. Ауласынан бір қиқым таппайсың. Екі үлкен ұлы бөлек шыққан, үш қызды үш жаққа ұзатқан. Қыздары бойжетіп, мектеп бітіргеннен кейін:
— Қарақтарым, қыз мұраты – кету. Күйеуге тимек болсаңдар, басқа облысқа барыңдар. Ауылда жүрсеңдер, төркінім тиіп тұр деп тайып кетулерің көбейіп кетеді. Жылына, тіпті үш жылда бір көрініп тұрсаңдар – сыйлы боласыңдар, – деп құлақтарына құйып отыратын.
Сол ақылдың әсері ме, әлде тағдыр солай ма – кім білсін. Үлкен қызы – Алматыда, ортаншысы – Ақтөбеде, кенжесі – Ақтауда. Құдайдың берген үш ұл, үш қызынан тараған немере-жиендерін қосқанда жиырмадан астам бүлдіршінге «ата» атанып жүр.
Жасы жетпістің сегізіне келсе де, әлі тың, денесін тік ұстап жүреді. Көзәйнексіз газет, кітап оқиды, теледидар да көреді. Өзінің айтуынша: «Ешқашан жеңіл өмір іздеген емеспін. Ішіме ашу, ыза, кек пен көреалмаушылық жинаған жоқпын – содан болар» дейді.
Есік алдына шыққан келіні иіліп сәлем етті де, шайдың дайын екенін хабарлады.
Шай ішіп отырып естіген жаңалығы – бұлардың қораны ақтап, тазалық жұмыстарын жүргізіп жүргендерінің себебі, бүгін бұл үйге аудан әкімі келіп, көрісіп, бата алмақшы екен.
— Әй, жазған-ау, естіп отырсың ба? Бір топ нөкерімен аудан әкімі келіп, көріседі екен. «Сырт көз – сыншы» деген, ел көрерліктей дұрыстап киініп отырсаңшы. Сосын шындық айтам деп, өз абыройыңды түсірмеші, құдай үшін. Қазір сенің шындығың кімге керек? «Сыйлағанның құлы бол» деген, жылы сөйлеп, білген ақылыңды айтып жібер. Өткенде Жалқыбай ақсақалға барып, көріскенде ол бейшара қалбалақтап, бір тоқтысын сойып тастапты. Сосын бұрынғы әдетіне басып: «Мен әкімге бата бердім» деп мақтанып, ішіп қойып, ақыры ауруханадан бір-ақ шыққан, – деп бұған көз қиығын тастады.
Қиақаң басын көтеріп:
— Жалқыбайың кім? Әлгі шойнақ Жалқыбай ма? Жас кезінде арақ ішіп, Үкіметтің «Газ-53» көлігін аударып, аяғын сындырып алғасын ауыл болып соттатпай қалған Жалқыбай ма? Өмірі аузынан жөнді сөз шықпаған Жалқыбай да бата беріп, өнеге айтатын болғаны ма? О, тоба! Көресіңді көрмей, өлмейсің деген осы екен-ау...
Әкім нөкерлетіп, қырық қыз ертіп жүретіндей Қыз Жібек пе не? Бұлар ел аралап, тамақ асырап жүрсе, Үкіметтің жұмысын кім істейді? Ел кезіп келгендерге бола шала бүлінетін жайым жоқ. Үстімдегі киім ұнамаса – мен де ұнауға тырыспаймын, – деп бұрқ етті.
Айтты – бітті. Енді шалын өзгерте алмайтынын білген кемпірі де үнсіз қалды...
Кемпірі ас үйге бет алды. Ауладағы келін де, үйдегі бала-шаға да бүгінгі ерекше күнге дайындықты жалғастырып жатты. Бірі дастархан жайса, бірі келген қонақтарды күтіп алатын бөлмені жинастырып, әлек. Үй іші – абыр-сабыр.
Көп ұзамай бірнеше жеңіл көлік үй алдына тоқтап, ішінен жылтыр киінген, галстугы тамағын қысып тұрған шенеуніктер түсіп жатты. Ең артынан жасы елулер шамасындағы, беті күнге күймеген, сыптай киінген, сәл жымиып тұрған әкім шықты.
Қиақаң есік алдында жантаяққа сүйеніп тұрған күйі орнынан тұра қоймады. Ішке кірген соң ғана амандасты.
— Ассалаумағалейкүм, ақсақал! Сіздей ел ағасымен көрісіп, бата алу – біз үшін мәртебе! – деді әкім елпілдей.
— Уағалейкүмассалам, балам. Кел, төрлет, – деп Қиақаң төрден орын ұсынды.
Көп сөзге жоқ шал біразға дейін үндемей отырды. Қонақтар жайғасып, шай ішіп, аз-кем әңгіме айтып, сәлем беріп шыққан соң, әкім оңтайлы сәтті пайдаланып:
— Ата, осы ел амандығы, ұрпақтың болашағы үшін ақ баталарыңызды беріңіз, – деді.
Қиақаң жан-жағына көз тастап алды. Қонақтардың бәрі қолын жайып, үнсіз отыр. Сол сәтте ол ішкі толқынысын жасыра алмай, көзіне жас алып тұрып, бата берді:
— Жаратқан ием,
Елге тұтқа болар азаматқа адалдық бер,
Халыққа қызмет ететін жүрек пен ниет бер,
Қолында билігі барға әділет бер,
Жер астындағы байлыққа ие болса да,
Жер үстін ұмытпайтын сана бер.
Ұрпағымыз саналы болсын,
Қолда барда тасымайтын,
Жоқтықта жасыбайтын ұрпақ бер.
Қайда жүрсе де қазақты ұмытпайтын
Намысты ұл, арлы қыз бер.
Байлықты бақ емес, аманат деп ұғынатын,
Тіл мен дінді саудаламайтын,
Тамыры терең – тарихын ұмытпайтын
Текті ұрпақ бер!
Әумин!
Бата аяқталғанда бір сәтке үй іші үнсіз қалды. Артынша бәрі «Әумин» деп бет сипады. Әкімнің өзі де сәл абдырап қалды. Мұндай шынайы, жүректен шыққан сөзге ешкім қарсы келмеді.
Кетерінде әкім:
— Ата, Алла разы болсын. Сіздің батаныз – жүрекке жетті. Осы айтқандарыңыз орындалсын. Ел үшін еңбек етіп, адал болуға тырысамыз, – деп басын иіп, қоштасты.
Қонақтар көліктеріне мініп кеткен соң, Қиақаң терең күрсініп:
— Е-е, осы айтқандарымның бір пайызы орындалса да – менің батамның қадірі бар екені, – деп, жантаяққа сүйеніп, үйдің көлеңкесіне барып жайғасты.
Сол сәтте көктемнің самал желі бетке соғып, алыстан бұлт арасынан күн күлімсірегендей болды...