Сәбилерді шетелге сатқан кімдер екені белгілі болды
Ресейдің Приморье аймағында жұмыс істеген жеке клиниканың сегіз медицина қызметкері жаңа туған сәбилерді шетелге сатты деген күдікпен тергеуге алынды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Politico.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу деректеріне сәйкес, Владивосток қаласындағы жеке медициналық орталықта алты әйел мен екі ер адамнан құралған дәрігерлер тобы 2018 жылдан 2020 жылға дейін бедеулікке ұшыраған әйелдерге көмектесеміз деген желеумен жалған құжаттар жасаған. Олар көмекші репродуктивті технологияларды пайдаланып, эмбриондарды қолдан өсіріп, босанғаннан кейін нәрестелерді шетел азаматтарына сатып жіберген.
Mash арнасының хабарлауынша, екі жыл ішінде олар кемінде 13 баланы шетелге жіберіп, 53 миллион рубльден астам табыс тапқан.
Прокуратураның мәліметінше, бұл топ бедеулікті емдеу қызметі түрінде жұмыс істеп, шын мәнінде заңсыз бала саудасымен айналысқан. Эмбриондарды қолдан өсіріп, сәбилердің тууын ұйымдастырған соң, оларды шетелге сатып отырған.
Қазіргі уақытта клиника желісінің бас дәрігерлері, репродуктолог-дәрігерлер мен медициналық орталық иесіне Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 127.1-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылды. Бұл — кәмелетке толмағандарды заңсыз жолмен шекарадан өткізу және адам саудасы бабы. Егер кінәсі дәлелденсе, олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазір күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Тергеу жалғасуда.