Қазақстандықтар шетелдік маркетплейстен алған заттары үшін 5% кеден салығын төлейтін болды
Қазақстандықтар енді шетелдік онлайн платформалардан тапсырыс берген тауарлары үшін бірыңғай 5% кедендік баж салығын төлеуі мүмкін. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Еуразиялық экономикалық комиссия деректеріне сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылдың желтоқсанында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойған болатын. Құжат одақ елдері ішіндегі трансшекаралық электронды сауданы кешенді түрде реттеуге бағытталған. Аталған өзгерістер барлық елдерде ратификацияланғаннан кейін заңды күшіне енеді.
Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғалардың шетелдік маркетплейстерден сатып алатын өнімдері арнайы санатқа – «электронды коммерция тауарлары» деп бөлінеді. Бұл – халықаралық онлайн саудадағы бұрын-соңды болмаған жаңалық.
Сонымен қатар, электронды коммерция операторы деген жаңа институт енгізіледі. Бұл – жеке тұлғалар атынан тауарларды ресми түрде декларациялайтын, арнайы тізілімде тіркелген заңды тұлға.
Жүйеге жаңа кедендік декларация түрі де енгізіледі. Ол тек электронды коммерция тауарларына арналған.
Бірыңғай баж салығы – енді шетелден келетін тауарларға (құны 200 еуродан асатын жағдайда) 5% мөлшерінде кедендік төлем белгіленеді. Ал егер тауардың бағасы 200 еуродан төмен болса, ол үшін кедендік баж алынбайды.
Жеткізу тәсілдері де нақтыланды. Енді тауарлар екі жолмен жеткізілуі мүмкін:
Тікелей жеткізу – шетелдік сатушыдан сатып алушыға тікелей жеткізіледі.
Бонд қоймасы арқылы жеткізу – тауарлар алдын ала сатып алушы еліне әкелініп, арнайы қоймаларда сақталады. Сатылған кезде қоймадан бірден жеткізіледі.
Еуразиялық экономикалық комиссия бұл процестерді заң жүзінде қамтамасыз ету үшін Кеден кодексіне қосымша өзгерістер мен нақтылаулар енгізіп, тиісті актілер қабылдамақ.
Жаңа талаптар ЕАЭО-ға мүше елдердің барлығы мемлекетішілік рәсімдерді аяқтап, хаттаманы ресми ратификациялағаннан кейін ғана күшіне енеді.