Тоқаев Байқоңырдың 70 жылдығына орай үндеу жасады: «Біз ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын мақтан тұтамыз»
Ақорда

Тоқаев Байқоңырдың 70 жылдығына орай үндеу жасады: «Біз ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын мақтан тұтамыз»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған бейнеүндеу жолдады.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында Байқоңырдың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. Ғарышты игеру дәуірі дәл осы аймақтан басталғанын еске салған Президент:

«1957 жылы дәл осы жерден алғашқы Жер серігі ұшырылып, жаңа дәуір басталды. Ал 1961 жылы Юрий Гагарин көкке самғап, бүкіл әлемге үміт пен сенім сыйлады», – деді.

Тоқаев Байқоңырдан осы күнге дейін мыңдаған Жер серігі ұшырылғанын, ондаған ғарыштық миссия жүзеге асқанын айтты. Сондай-ақ бұл жетістіктерге өз үлесін қосқан ғалымдар мен инженерлерге алғыс білдірді.

«Біз әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын ерекше мақтан тұтамыз. Халқымыздың батыр ұлдары – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов те осы жерден ғарышқа аттанды», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Байқоңырдың Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын символына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, соңғы жылдары еліміздің ғарыш саласында бірқатар ауқымды жобаларды іске асырып жатқанын айтты.

Президент Байқоңырдың болашағын – халықаралық ынтымақтастық, ғылым мен білім және туризмнің жаңа орталығы ретінде көреді. Ол бұл бағытта жас ғалымдар мен инженерлердің әлеуетін дамыту маңызды екенін жеткізді.

Үндеудің соңында Президент Байқоңыр қаласының тұрғындарына ерекше алғыс айтты:

«Сіздер табанды еңбек етіп, ғарыш тарихының бай мұрасын сақтап келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық. Байқоңыр – ғылым мен жаңашылдықтың, адамзат прогресінің нышаны болып қала береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.