Астанада тұратын екі апашка – Урзия мен Гүлжахан әлеуметтік желіде күтпеген жерден танымалдыққа ие болды. Олардың күнделікті өмірінен алынған бейнежазбалар миллиондаған қаралым жинап, желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленуде. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Tengri Life-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы апталарда TikTok пен Instagram сияқты желілердің ленталарын қос зейнеткердің бейнежазбалары жаулап алды. Урзия мен Гүлжахан атты апаларымыз балконда шай ішіп, күнделікті тіршілікті әңгіме қыла отырып, көлік қозғалысын бақылап отыратын қарапайым сәттерімен жұрттың ықыласына бөленді. Тіпті бір видео 7 миллионнан астам қаралым жинаған.
Сондай-ақ апаларымыздың бірге спортпен айналысқан, үстел ойындарын ойнаған, жай ғана өмірден ләззат алған сәттері жазылған видеолар жүздеген мың, тіпті миллиондаған көрілім жинап жатыр. Көпшілік бұл видеоларға қарап шабыт алатынын, қартаюдың мұндай үлгісін көріп қуанышқа бөленетінін жарыса жазуда.
Пікірлердің кейбірі:
– «Неткен белсенді апалар!»
– «Қартайсақ, осылай қартайғымыз келеді»
– «Дауыстары сондай мейірімді»
– «Маған жақсы көңіл-күй сыйладыңыздар»
– «Осындай көршілерім болса екен!» – деген сынды жылы лебіздерге толы.
Бұл жобаның артында бір отбасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі жатыр. Бейнежазбалардың авторы – Ғалымжан есімді азамат. Оның айтуынша, видеоларды анасы Гүлмира түсіреді. Урзия – әкесінің анасы, жасы 88-де. Ал Гүлжахан – анасының анасы, жасы 87-де. Екі апа 1992 жылдан бері етене араласып, бір отбасы мүшесіндей өмір сүріп келеді.
Ғалымжан:
«Блог жүргізуді арнайы жоспарлаған жоқпыз. Апалардың шынайы сәттерімен бөліскіміз келді. Анам үнемі оларды қолдап отырады: аздап қимыл-қозғалыс, жылы әңгіме – бұл жаста өте маңызды», – дейді.
Урзия апа бұрын балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген. Оның алты баласы болған, бүгінде тек біреуі тірі. Үш немересі мен үш шөбересі бар. Ал Гүлжахан апаның сегіз баласы, 27 немересі және 37 шөбересі бар. Ғалымжанның анасы да бүгінде үш немеренің әжесі.
Желі қолданушылары бұл жанұяның апаларға деген құрметін ерекше бағалап, ризашылықтарын білдіруде.
«Мейірім деген осы шығар», «Апаларға жақсы қарап жүргендеріңізге алғыс», «Әр адамның қартаюы осылай болса екен» – деген мазмұндағы пікірлер желіде жиі жазылып жатыр.