«Кінәсіз 11 жыл»: Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты тың ақпарат
Фото: Ашық дереккөзі

«Кінәсіз 11 жыл»: Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты тың ақпарат

Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми жауап берді. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесі бойынша министрлік тиісті жұмыстарды атқарған. Қазіргі уақытта істі Бас прокуратура бақылауға алған.

«Бұл бағытта жұмыс Бас прокуратура арқылы жүргізіліп жатыр. Біз өз тарапымыздан қажеттінің бәрін жасадық. Қосымша ақпарат алу үшін прокуратураға жүгінген дұрыс», – деді СІМ өкілі.

Сонымен қатар Смадияров Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайы дипломаттар бақылауында екенін айтты. Қазақстанның Қытайдағы консулы жыл сайын түрмеде отырған азаматтарға барып, жағдайларын тексереді. Бұл – сырттағы сотталған отандастарымызға қатысты қалыпты рәсім.

«Бұл – консулымыздың жыл сайынғы міндеті. Шетелде түрмеде отырған азаматтарымызды барып көріп, жағдайларын бақылап отырады», – деді СІМ өкілі.

Еске салайық, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы әуежайда ұсталған. Ол Малайзияға ұшпақ болған сәтте есірткі тасымалдады деген күдікке ілініп, кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. 2016 жылы апелляциялық сот оның жазасын қайта қарау үшін істі бірінші сатыдағы сотқа қайтарғанымен, үкім күшінде қалған.

Қазіргі таңда Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры қоғам назарында. Көпшілік оның елге қайтарылу мүмкіндігін, ісінің әділ әрі ашық қаралуын күтуде.